Ерлан Қарин: Референдум халықтың еркімен шешім қабылдау тәжірибесін нығайтады
Мемлекеттік кеңесші референдум Қазақстанның болашағын айқындайтынын атап өтті.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Карин Астанадағы Ұлттық кітапхана ғимаратында орналасқан №129 сайлау учаскесінде жаңа Конституция жобасы бойынша референдумда дауыс берді.
Ерлан Карин бүгінгі референдум конституциялық реформаға қатысты жарты жылдан астам уақытқа созылған қоғамдық талқылаулардың қорытындысын шығаратынын атап өтті.
"189 күн бойы талқылауға мыңдаған азаматтар, сарапшылар мен қоғам өкілдері қатысты. Осы кезең ішінде біз қоғамның белсенділігін, азаматтардың кеңінен қатысқанын көрдік. Шын мәнінде, бұл референдум Қазақстанның болашағын айқындайды. Бүгін азаматтар қандай қоғам құратынымызды, еліміздің қандай құндылықтар мен қағидаттар негізінде дамитынын шешеді", – деді мемлекеттік кеңесші.
Ол соңғы төрт жылда бұл үшінші референдум екенін еске салды.
"Маңызды әрі түбегейлі шешімдер референдум арқылы, яғни барлық азаматтардың пікірін ескере отырып қабылдануы тиіс деген Президент қағидаты саяси өміріміздің қалыпты, орныққан тәжірибесіне айналды. Соңғы жылдары Қазақстан ашық диалог жүргізу және мемлекет пен қоғамның бірлескен шешім қабылдауының үлгісін көрсетіп келеді. Біздің еліміз саяси өмірдің жоғары қарқынын және прогреске ұмтылысын танытып отыр", – деп түйіндеді Ерлан Карин.
Референдумдағы дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-ге дейін жалғасады.
Данный текст скопирован с сайта Informburo.kz
https://informburo.kz/kaz/newskaz/referendum-xalyqtyn-erkimen-sesim-qabyldau-taziribesin-nygaitady-erlan-qarin