Қоғам

Қазақстан спортшылары Конституцияны қолдап, белсенді түрде дауыс беруде

Ережесіз жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов Қонаев қаласындағы учаскелердің бірінде өз таңдауын жасады.

Әлемдік ареналарда ел намысын қорғап жүрген даңқты спортшы еліміздің басты құжаты – Ата Заңға енгізілген өзгерістерге айырықша назар аударып, дауыс беруге арнайы қатысып жатқанын айтты.  

Қазақстандағы жаңа Конституция жобасына қатысты республикалық референдумға шетелде жүріп, қолдау білдіріп жатқан спортшылар қатары да мол. Мәселен, Бішкек қаласындағы №428 референдум учаскесінде Қырғыз Республикасында өтіп жатқан оқу-жаттығу жиындарында жүрген Қазақстанның жеңіл атлетика құрамасының мүшелері дауыс берді. Олардың арасында биіктікке секіруден әлем чемпионатының қола жүлдегері Надежда Дубовицкая да бар.

Сондай-ақ, республикалық референдумға Олимпиада чемпионы Серік Сапиев, джиу-джитсу бойынша әлем чемпионатының қола жүлдегері Нұрсұлтан Дүйсенқұлов, ультрафарафоншы Баубек Ильясов, танымал спортшы-блогер Василий Тахтай және Қазақстандық спортшылар одағының төрағасы Азамат Карлығашев қатысты.                                                                                                                      Ал, гір көтеру спортының көрнекті өкілі, жаттықтырушы қостанайлық Рауан Батырбаев ел ертеңіне бейжай қарамайтын азаматтық ұстанымын көрсетіп, дауыс беру учаскесіне отбасымен бірге келді.

Бүгін Қазақстан гимнастика федерациясының президенті Әлия Юсупова да өз таңдауын жасап, әлеуметтік желідегі парақшасына жазба жариялады.
«Конституция – мемлекеттің негізгі заңы. Жаңа өзгерістер елдің тұрақтылығы мен дамуына бағытталған деп ойлаймын. Біз спортшылар да ел болашағына бейжай қарамай, маңызды бастамаларды қолдаймыз», – деді ол.