Қоғам

"Телефонға жауап бергені үшін": Астана полициясының экс-капитаны әріптесін соққыға жыққан

Аудан полиция бастығының орынбасары қызметкеріне күш қолданғаны үшін жазаланды.

Астанада Есіл ауданы полициясы бастығының орынбасары қол астында істейтін қызметкерін ұрған. Оның мұндай әрекетке баруына қызметкердің телефон қоңырауына жауап бермеуі себеп болған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Сот мәліметтеріне сәйкес, 27 ақпанда Али Абетаев ҚР Қылмыстық кодексінің 108-1-бабы 2-бөлігінің 2-тармағы бойынша 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.

Сот анықтағандай, 2025 жылғы 5 шілдеде сағат 00:01 шамасында ойын-сауық мекемелерінің бірінің жанында Абетаев қарамағындағы қызметкерінен не себепті телефон қоңырауларына жауап бермегенін сұраған. Қызметкер телефонның бұзылып қалғанын айтқаннан кейін, Абетаев ашуға булығып, оны бірнеше рет беті мен басынан ұрған. Кейін тұншықтыру тәсілін қолданған. Салдарынан жәбірленушінің денсаулығына жеңіл зиян келтірілген.

Айта кетейік, бастапқыда Абетаев қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деп айыпталған. Алайда сот барысында прокуратура оның әрекетінің саралануын өзгертіп, денсаулыққа жеңіл зиян келтіру бабы бойынша қарауды ұсынған.

Бұған дейін Қостанайда учаскелік полиция инспекторын ұрған азаматтар жеңіл жазамен құтылып, сот залынан босатылған болатын.