Қазақстанда әйелдердің зейнетке шығу жасы қашан өзгеретіні белгілі болды
Әйелдердің зейнетке шығу жасы жыл сайын 6 айға өсіп отырады.
Қазақстанда әйелдердің зейнетке шығу жасы қашан өзгеретіні белгілі болды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мәліметінше, 2026 жылы елде зейнеткерлік жас өзгеріссіз қалады. Ерлер бұрынғыдай 63 жаста, ал әйелдер 61 жаста зейнетке шыға береді. Бұл 2027 жылдың соңына дейін сақталады.
Ал 2028 жылдан бастап зейнеткерлік жас біртіндеп ұлғая бастайды. Көрсеткіш жыл сайын 6 айға өсіп отырады.
Осыған сәйкес:
– 1 қаңтар 2028 жылдан бастап – 61,5 жас;
– 1 қаңтар 2029 жылдан бастап – 62 жас;
– 1 қаңтар 2030 жылдан бастап – 62,5 жас;
– 1 қаңтар 2031 жылдан бастап – 63 жас.
Осылайша 2031 жылдан бастап Қазақстанда ерлер мен әйелдер үшін зейнеткерлік жас бірдей деңгейде – 63 жас болып белгіленеді.
Сонымен бірге кейбір азаматтар жалпы белгіленген жасты күтпей-ақ зейнетке шығуға құқылы. Әлеуметтік кодекстің 207-бабына сәйкес, жекелеген санаттағы азаматтарға бюджет қаражаты есебінен жеңілдетілген тәртіппен зейнетақы төлемдері тағайындалуы мүмкін.
Бұдан бөлек, зейнетақы аннуитеті механизмі де қарастырылған. Егер азаматтың зейнетақы жинағы жеткілікті болса, сақтандыру компаниясымен келісімшарт жасасу арқылы белгіленген зейнет жасына жетпей-ақ өмір бойына ай сайын төлем алу мүмкіндігі бар.