Спорт

Елімізге тарихи жүлде алып келген Ербол Хамитовке Астанадан екі бөлмелі пәтер берілді

Ербол Хамитовті әуежайда жанкүйерлері қошеметпен күтіп алды.

Паралимпиада ойындарында тарихи алтын мен қола жүлде жеңіп алған Ербол Хамитов елге оралды. Спортшыны  әуежайда бір топ жанкүйер мен жақындары күтіп алды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Салтанатты іс-шара барысында чемпионға Астана қаласынан екі бөлмелі пәтер сыйға берілді.

Ербол Хамитов барша жанкүйерлерге және қазақ еліне алғысын білдірді.

«Маған қолдау көрсеткендеріңізге көп рахмет. Осыдан екі ай бұрын Елбасымыз маған мемлекеттік туды табыс етті, сол кезде әнұранның стадионда ойналуы үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын деп уәде бердім. Қысқы Паралимпиада ойындарында абыроймен өнер көрсету мен үшін үлкен жауапкершілік болды. Мен бұл туралы көптен бері армандадым. Күнделігіме әлем чемпионы болғым келетінін, Олимпиада чемпионы болғым келетінін жаздым», - деді ол жиналған көрермендерге.

Айта кетейік, Ербол Хамитов XIV Қысқы Паралимпиада ойындарында Қазақстан қоржынына биатлоннан алтын жүлде салды. Сондай-ақ жарыстың алғашқы күнінде шаңғы жарысының 1500 метрлік классикалық спринт дисциплинасында қола жүлдеге ие болған.