Референдумның соңғы нәтижесі жарияланды: қазақстандықтардың 87,15%-ы дауыс берген
Референдумда дауыс беруге қатысқан азаматтардың саны – 9 127 192 немесе 73,12 пайыз.
Орталық референдум комиссиясы референдумда дауыс беру қорытындысы бойынша дауыс берудің түпкілікті қорытындысын жариялады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
«Референдумға қатысу құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жалпы саны – 12 482 613 азамат. Дауыс беруге қатысқан азаматтардың саны – 9 127 192 немесе 73,12 пайыз. Референдумға шыққан мәселенің оң шешімін жақтап дауыс берген азаматтардың саны – 7 954 667 немесе дауыс беруге қатысқандардың 87,15 проценті», - деді соңғы мәліметті ұсынған ОРК өкілі.
Жарамсыз деп танылған бюллетеньдердің саны – 146 558.
«Дауыс беруге референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың жартысынан көбі немесе 73,12 пайызы қатысқандықтан, «Сіз жобасы 2026 жылғы 12 ақпанда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сұрақ бойынша референдум өтті деп есептелсін. Республикалық референдумға дауыс беру үшiн шығарылған жаңа Конституция қабылданды деп есептелсiн, өйткенi облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екiсiнде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы немесе 87,15 пайызы оң шешiм қабылдады», - деді соңғы шешімді ұсынған ОРК.