Саясаттанушы: Қазақстан халқының санын арттыру жолын атады
Дос Көшім: Жастарда өмір сүрудің базалық мүмкіндіктері болса туу саны жылдан-жылға арта түседі.
Қазақстанда демографиялық өсім сақталғанымен, оның сапалық және өңірлік теңгерімі әлі де өзекті. Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, 2025 жылдың басында халық саны 20 миллионнан асты. Жыл сайын шамамен 350–380 мың сәби дүниеге келеді. Бірақ бұл өсім негізінен оңтүстік өңірлерде байқалады, ал солтүстікте халық саны баяу қысқарып келеді, деп хабарлайды KYN.KZ. тілшісі.
Бұл жағдай еңбек ресурстарының тең бөлінбеуіне әкеліп отыр. Мемлекет ішкі көші-қон бағдарламалары арқылы осы мәселені шешуге тырысуда. Алайда сарапшылар бұл жеткіліксіз екенін айтады.
– Қазақстандағы демографиялық саясаттың негізгі проблемасы неде? – деген сұрағымызға белгілі қоғам қайраткері, саясаттанушы Дос Көшім жауап берді:
– «Басты мәселе – халықтың тең орналаспауы. Солтүстік өңірлер босап барады. Бұл тек экономикалық емес, ұлттық қауіпсіздікке де әсер ететін фактор.. Сол үшін оңтүстіктен солтүстікке көшетін отбасыларға, жас мамандарға үй, жұмыс беріліп жатыр. Мұның өзі үлкен қолдау. Дегенмен сондай мүмкіндіктерді пайдаланғысы келмейтіндер де бар. Немесе берілген материалдық қолдауларды алып, кейіннен өзі үйренген өңірге кетіп қалғысы келетіндер бар. бірақ, бұл оңайлықпен жүзеге асырылмайды. Судың да сұрауы бар демекші оны мемлекет қадағалап отыр. Сондықтан, Қазақстанның солтүстігіне оңтүстіктің халқы көптеп жайғасар болса алдымен өңір қазақыланады. Халық саны көбейеді. Өздеріңіз білетіндей оңтүстікте әр отбасыда кемінде төрт балалы болғысы келетін бейресми статистика бар. Сол үрдіс солтүстікте жалғасатын еді», – дейді ол.
Түркістан облысынан Қостанайға көшкен көпбалалы отбасыны мысалға айтуға болады. Олар мемлекеттік қолдау арқылы баспана алып, тұрақты жұмысқа орналасқан. Қостанайға сіңісу оңайға соқпаған. Бірақ, шыдамдылық танытқан отбасы бүгінде өз кәсібін дөңгелетіп, жайлы өмірлерін сүріп жатыр екен.
«Алғашында климатқа үйрену қиын болды, бірақ қазір жағдайымыз тұрақталды. Әрине айырмашылықтар, біздің дәстүрлі өмірімізге ұқсамайтын дүниелер болды. Бұл жақтың адамдарынан үйренеріміз көп екен. Адамдар мүлде басқаша деп айта аламын. Қостанайдан шағын асхана аштық. Өзбек асханасының дәмін ұсындық. Шүкір қазір тұрақты клиенттеріміз бар, кәсібіміз жүріп жатыр. Балалар ешқандай ақысыз, таныссыз оқуға грантпен түсіп, жұмысқа ортанасты. міне осындай жақсы тұстарын айтуға болады», – дейді Қасымовтар отбасының әкесі.
Саясаттанушы ішкі көші-қон арнайы бағдарламалармен реттеліп, жұмыс жасалынып жатқанымен халықтың көбейю қарқыны түсіп кетеді ме деп алаңдайды.
"Қазір жастардың отбасын құру жасы ұлғайған. Ерте тұрмысқа шығатын қыздар мен ерте үйленетіндер саны жыл санап азаюда. Неге десеңіз жастар отбасы жауапкершілігін алуды кейінге қалдыруды дұрыс көретін күйге жеткен. Меніңше жастарда жақсы айлығы бар жұмыс, баспана сынды негізгі қажеттіліктер болса үйлену қарқыны күшейеді. Сол кезде халық саны да жылдам арта түсетін еді. Мұның барлығы экономикалық жағдайға тікелей байланысты. Бәсекелестік жайлаған заманда жастар алдағы он жылда 40 жасқа жақындап барып үйленетін еуропалық ұстанымға көшуі әбден ықтимал. Бұл мәселенің алдын алуымыз керек. 30 жасқа дейін отау құратындардың санын көбейтсек ұрпақ саулығы, халық саны қатар шешілетін еді",-дейді саясаттанушы Дос Көшім.