Көктемде әскерге қанша қазақстандықтың шақырылатыны белгілі болды
Биыл 30 маусымға дейін 18-27 жас аралығындағы 21 мыңнан аса азаматты шақыру жоспарланып отыр.
Осы көктемде қанша адамның әскер қатарына алынатыны белгілі болды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Ведомство мәліметінше, 30 маусымға дейін 18-27 жас аралығындағы 21 мыңнан аса азаматты Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қатарына шақыру жоспарланып отыр.
"11 мыңнан аса адам Қарулы күштерге, 7 мыңнан аса адам ІІМ Ұлттық ұланына, 2 мыңға жуық адам ҰҚК Шекара қызметіне, 400-ге жуық адам Төтенше жағдайлар министрлігіне, 300 адам Мемлекеттік күзет қызметіне шақырылады", – деді ҚР Қарулы күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы генерал-майор Алмас Исабеков.
Сондай-ақ азаматтарға әскерге шақыру SMS-хабарлама және eGov порталындағы хабарландырулар арқылы кемінде үш күн бұрын жіберіледі. Мұндай хабарламалар ресми шақыру болып есептеледі. Шақырту алған азамат жергілікті әскери басқару органына немесе шақыру пунктіне келуге міндетті.
Себепсіз келмеген жағдайда заң бойынша жауапкершілікке әкеледі. Азаматқа әкімшілік шаралар қолданылуы мүмкін, ал әскерден әдейі қалатындарға қылмыстық жауапкершілік қолданылады.