Саясат

Жаңа Конституция 1-шілдеден бастап күшіне енеді: Тоқаев Жарлыққа қол қойды

Президент референдум сәтті өткенін, онын нәтижесінде ел бірлігі айқын көрінгенін жеткізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  жаңа Конституцияны жүзеге асыру туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі. 

Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлады. 

“Президент ел Конституциясына және “2026 жылы 15 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясын іске асыру жөніндегі шаралар туралы” Жарлыққа қол қойды”, –делінген хабарламада. 

Сонымен қатар президент Конституция еліміздің ұзақмерзімді мақсат-мұратын айқындайтын тарихи құжат екенін айтты. 

“Конституция – мемлекетіміздің ұзақмерзімді мақсат-мұратын айқындайтын, ұлтымыздың келешек тағдырына тікелей әсер ететін тарихи құжат. Бұл шын мәнінде Халық Конституциясы. Оның жобасы шамамен екі жыл бұрын пысықтала бастады. Кейін мұқият талқыланып, зерделеніп жазылды. Конституциямыз – табанды ұжымдық еңбектің нәтижесі”, – деді Тоқаев. 

Президент референдум сәтті өткенін, онын нәтижесінде ел бірлігі айқын көрінгенін жеткізді. 

“Кеше ғана елімізде жалпыхалықтық референдум ойдағыдай өтті. Оған жұртшылық жаппай белсене қатысты. Азаматтарымыз өз таңдауын жасады, халқымыз бір кісідей жаңару мен жаңғыру жолын жақтап дауыс берді. Халқымыз Отанымыздың болашағы үшін өте жауапты сәтте жұмыла еңбек етті, ортақ іске орасан зор үлес қосты. Ұлы Абайдың "Бірлік – ақылға бірлік" деген өсиет сөзі осындай кезде айтылған болса керек”, – деді президент.