Басты жаңалықтар

"Қоршаудан секіріп өтпек болған": Алматыда 13 жастағы баланы тоқ ұрып, жансауқтау бөліміне түсті

Достарымен футбол ойнап жүріп, қайтарда жолды қысқарту үшін қоршаудан секіріп өтпек болған 13 жастағы баланы тоқ ұрды.

Алматыда 13 жастағы баланы тоқ ұрып, ол жансақтау бөліміне түсті. Бала электромобильді қуаттайтын бекеттің жанындағы қоршаудан секіріп өтпек болған. Сол сәтте қолы кернеуі бар сымға тиіп кетіпті. Осыдан кейін өзге тұрғындар да ұл-қызының қауіпсіздігіне алаңдап отыр. Онсыз да бекеттің кесірінен кептеліс пайда болып, қаптаған жүргізушілер "тынышымызды алды" дейді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.

Оқиға екі күн бұрын тұрғын үй кешенінің қасында болған.13 жастағы бала достарымен футбол ойнап жүріп, қайтарда жолды қысқарту үшін қоршаудан секіріп өтпек болған. Сол сәтте абайсызда қолы кернеуі бар сымға тиіп кетіпті. Тоқ ұрған жасөспірім жансақтау бөліміне түсті.

«Ауызашарға дейін балам үйге жылап келді, "тоқ ұрды" деп. Басында мән берген жоқпыз. Жарты сағаттан кейін "аяғым, қолым ауырып жатыр" дегеннен кейін қорыққанымыздан жедел жәрдем шақырдық. Шұғыл жаңағы кардиограммасын түсіріп, баланы жансақтау бөліміне алып кету керек деді», - дейді Данияр Балмағамбетов.

Енді тұрғындар баласының қауіпсіздігіне алаңдаулы. Тоқпен жүретін көлік қуаттайтын бекет екі жылдан бері "берекемізді қашырып жіберді" дейді. Соның кесірінен тұрғын үй кешеніне кіріп-шығатын жалғыз жолда үнемі кептеліс болады екен және бекет тәулік бойы жұмыс істейді. Сондықтан түнде де адам мен көлік қаптап, тынышымызды қашырды дейді.

«Бұл үйде 500-ден астам адам тұрамыз. Үйге кіріп-шығатын бір ғана жол бар. Енді оған тәулік бойы келетін таксилер қосылды. Жүргізушілер көлігін қуаттау үшін 30–40 минуттан тұрады. Аулада балалар алаңы бар. Сондықтан бұл бізге өте қауіпті. Мемлекеттік органдар да, жер иелері де, осы жерде жұмыс істеп отырған кәсіпкерлер де біздің ескертуімізді елемейді», - деді Гүлзия Асылбекова.

Тұрғындар бұл бекеттің жұмысына әу бастан үзілді-кесілді қарсы болған. Жауапты мекемелерге де сан мәрте шағым түсірген. Кейін мұнда тексеріс жүргізіліп, ұсақ заңбұзушылық анықталыпты. Ал бекет иесі "рұқсат қағазым бар, бәрі заң аясында" деп отыр.

«Біз ешкімге кедергі келтіріп жатқан жоқпыз. Көліктер де қатты шу шығармайды. Түнде қолайсыздық болмас үшін арнайы күзет те қойдық. Жақында жүргізілген тексерістің бәрінен өттік, қорытындыларымыз да бар. Қазір мәселені толық шешу үшін сымды жердің астына көмуді қарастырып отырмыз. Бұл қымбатқа түссе де, қауіпсіздік үшін солай істеуге дайынбыз», - дейді Евгений Якубин, EcoVolt ЖШС директоры.

Дегенмен жұрт бекетті бұл жерден мүлдем алып тастауды талап етіп отыр. Ал энергетиканы қадағалау басқармасындағыдар 10 сәуірге дейін қайта тексеріс жүргізіп, тиісті шара қабылданады деп уәде берді.