Қауіпсіздік кеңесі хатшысының қазасы үшін: Иран Израильге қарсы жаңа шабуылдар жасалатынын жариялады
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 10:40
- 44
Иран елдің Жоғары ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әли Лариджанидің қазасы үшін кек алу мақсатында Израильге зымыран шабуылының жаңа толқыны басталғанын жариялады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы 18 наурызда IRNA агенттігі өзінің Telegram-арнасында мәлімдеді.
Агенттіктің мәліметінше, Тель-Авивке жасалған шабуыл туралы Ислам революциясының сақшылар корпусы хабарлаған.
"Қатыгез израильдік режимнің зұлымдық орталығы - Тель-Авив "Шынайы уәде - 4" операциясының 61-ші толқыны барысында шейіт болған доктор Әли Лариджани мен оның серіктестерінің қаны үшін кек алу ретінде көп зарядты "Хорремшехр-4", көп зарядты "Кадр", сондай-ақ "Имад" және "Хайбар-шкан" зымырандарымен атқыланды", - делінген хабарламада.
Иран тарапы мәліметінше, "Хорремшехр-4" және "Кадр" зымырандары Израильдің көпдеңгейлі әрі аса заманауи Әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін бұзып өтіп, 100-ден аса әскери және күзет нысанына соққы берген.
Бұл шабуылдан кейін Тель-Авивтің бір бөлігінде электр жарығы сөніп, жағдайды бақылау мен ел ішіндегі күштердің көмек көрсетуі қиындағаны хабарланды.



