ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға екі қылмыстық іс бойынша айып тағылды
Өскеменнің бұрынғы әкімі Жақсылық Омарға екі қылмыстық іс бойынша айып тағылды.
Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға қатысты сот процесі басталады. Іс ашық сот отырысында қысқартылған тәртіппен қаралады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
"Сот кабинетіндегі" мәліметке сәйкес, шенеунікке Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылып отыр:
- 190-баптың 3-бөлігі 1 және 2-тармақтары бойынша – "Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам жасаған ірі мөлшердегі алаяқтық";
- 366-баптың 3-бөлігі 3-тармағы бойынша – "Лауазымды адамның ірі мөлшерде пара алуы".
Қазіргі уақытта Жақсылық Омар қамауда отыр. Бірінші сот тыңдауы 19 наурызда өтеді.
Айта кетсек, Жақсылық Омардың ұсталғаны 2025 жылдың 13 ақпанында белгілі болды. ҰҚК бұған дейін Жақсылық Омарға қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын растаған болатын.
Жақсылық Омар Өскемен қаласының әкімі қызметін 2018 жылдың тамызынан 2024 жылдың қарашасына дейін атқарған. Қызметінен кеткен соң ол облыс әкімінің кеңесшісі болып жұмыс істеген.