Қоғам

Атырауда алты айлық сәби шетінеп кетті: ата-анасы баланы облыс орталығына әкелу үшін алты сағат жол жүріп келген

Атырау облысында алты айлық бала аурухананың кіреберісінде шетінеп кетті.

Атырау облысында алты айлық сәби шетінеп кетті. Баланың ата-анасының айтуынша, нәрестеде отит болып, дене қызуы көтерілген, алайда дәрігерлер нақты диагнозды дер кезінде қоя алмаған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап. 

Баланың ата-анасының сөзінше, қажетті ем уақытылы көрсетілмеген әрі санитарлық авиация қызметіне де рұқсат берілмеген. Баланың жағдайы күрт нашарлаған соң, ата-анасы оны Қызылқоға ауданынан Атырау қаласына өз күштерімен жеткізуге мәжбүр болған. Жол шамамен алты сағатқа созылған.

"Дәрігерлер нақты диагноз қоймады, тиісті ем жасалмады. Санавиацияға рұқсат берген жоқ. Ақыры баланы алты сағат жол жүріп, ауруханаға өзіміз апардық. Бірақ баламыз шетінеп кетті", – дейді ата-анасы.

Сондай-ақ олар дәрігерлік консилиум барысында санация жүргізу ұсынылмағанын айтып, бұл жағдай баланың өмірін сақтап қалуға әсер етуі мүмкін болғанын алға тартады.

Ата-анасының мәліметінше, сәби Атырау қаласына жеткенде, облыстық аурухана кіреберісінде көз жұмған.

Қазіргі таңда бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған жоқ. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы тексеріс жүргізіліп жатқанын хабарлады. Ведомство өкілдерінің айтуынша, нақты қорытынды тек сот-медициналық сараптама нәтижелерінен кейін белгілі болады.