Жаңа мегополис Алатау қаласының экономика көлемі 2050 жылға қарай 50 миллиард долларға жетпек
“Алатау қаласының арнайы мәртебесі туралы” Конституциялық заң жобасы талқыланып жатыр.
Парламенттің бірлескен отырысында “Алатау қаласының арнайы мәртебесі туралы” Конституциялық заң жобасы талқыланып жатыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Отырыста вице-премьер Қанат Бозымбаев Үкімет әзірлеген Конституциялық заң жобасын қысқаша таныстырды.
Алатау қаласын дамыту үшін Хайнань Сингапур, Дубай және Доха сияқты қалалардың тәжірибесі қарастырылған.
Қанат Бозымбаевтың айтуынша, Алатау жобасы дербес экожүйе ретінде қарастырылады.
"Ол жеке қаржылық модельге, арнайы басқару режиміне және жаңа институционалдық негізге сүйенеді. Заң жобасын әзірлеуге жетекші халықаралық сарапшылар тартылды. Сарапшылар арнайы әкімшілік және экономикалық аймақтар арқылы қалаларды дамыту бойынша әлемдік тәжірибені зерттеді. Атап айтқанда, Шэньчжэнь, Хайнань (Қытай), Седжон мен Сонгдо (Корея), сондай‑ақ Сингапур, Дубай және Доха сияқты қалалардың тәжірибесі қарастырылды", - деді ол.
Сонымен қатар, Алатау дербес қаржылық моделі, басқаруы және құқықтық режимі бар жеке экожүйе ретінде қарастырылады. Заңға сәйкес, салықтық жеңілдіктер енгізу, лицензиялауды жеңілдету және инвесторлар үшін "бір терезе" қағидаты көзделеді.
Алатау қаласында тек салықтық жеңілдіктер ғана емес, сонымен бірге бизнесті реттеу, инвесторларды тарту және инвестициялық дауларды шешу жүйесін қамтитын толық экожүйе қалыптастыру жоспарланып отыр.
Оның айтуынша, қазірдің өзінде де жалпы құны 1,8 трлн теңге болатын алғашқы 44 инвестициялық жоба ұйымдастырылған. Бұл – 30 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді және қаланы ғылым, туризм, медицина және инновациялар орталығы ретінде дамытуға негіз болады.
Алға қойған мақсаттар іске асқан жағдайда, халықаралық сарапшылардың болжамы бойынша 2050 жылға қарай Алатау қаласының өңірлік жалпы өнімі 50 млрд АҚШ долларына дейін жетуі мүмкін.