«Аяғы ауыр сияқты көрінген»: Алматыда дәрігерлер 69 жастағы әйелдің ішінен 25 келі болатын қатерлі ісікті алып тастады
Зейнеткердің ішіне өскен ісіктің көлемі уақыт өткен сайын ұлғая берген.
Алматыдағы дәрігерлер жасы жетпіске таяған әженің ішінен салмағы 25 келіден асатын қатерлі ісікті алды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Зейнеткерге ұзақ ота жасаған. Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, әйелдің ішінде ісік бірнеше ай бұрын пайда болған.
«Дәрігерлер науқастың өмірін сақтау үшін бірегей ота жасады. Науқастың ішінде бірнеше айдан бері ісік өсіп жатқан. Сыртқы көзге қарағанда аяғы ауыр әйел сияқты көрінген. Салмағы шамамен 25 келі болатын ісік бірнеше айдан бері өсіп жатса да әйел медициналық көмекке жүгінбеген және дәстүрлі емес әдістермен емделген», - деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігі.
1957 жылы туған науқас ішіндегі ісікті соңғы айда жасыруға тырысқан. Тіпті несие алып, қоспалар ішуді жалғастырған.
«Осы уақыт ішінде ол жақсаруға үміттеніп, әртүрлі тағамға қосылатын биологиялық белсенді қоспаларды қабылдаған. Алайда, ешқандай нәтиже болмаған - ісік тез өсе берген. Кейінірек туыстары айтқандай, әйел өз жағдайын жасырып, тіпті қоспаларды сатып алу үшін несие алған. Тек жағдайы нашарлағаннан кейін ғана науқас Алматы онкологиялық орталығына онкохирургия бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Балтаевқа қаралды. Компьютерлік томографияны қоса алғанда, тексеру кезінде іш қуысы мен жамбас қуысында алып ісік анықталды. Ісік 35 сантиметрді құрап, іш қуысын толығымен толтырып, жамбас қуысына дейін созылған», - деп хабарлайды денсаулық сақтау министрлігі.
2,5 сағатқа созылған отаны онкохирургия бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Балтаев және оның көмекшісі Ғалым Сармаш жасаған.
«Алынған ісіктің салмағы шамамен 25 килограммды құрады. Дәрігерлер әйелдің диагнозын, яғни, қатерлі ісікті растады. Қазір науқас химиотерапиядан өтіп жатыр», - деп хабарлайды ДСМ.