Ақтаудағы ұшақ апаты: тергеу қорытындысы қашан жарияланатыны белгілі болды
Ақтау түбіндегі ұшақ апатына қатысты тергеудің қорытындысы бірнеше ай ішінде жария болады.
Парламент кулуарында вице-премьер Қанат Бозымбаев Ақтау түбіне құлаған AZAL әуе компаниясының ұшақ апатына байланысты тергеу қорытындысы бірнеше айдың ішінде жария болатынын мәлім етті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, тиісті техникалық тергеудің қорытындылары түгел дайын болған. Бірақ, арнайы комиссия өкілдері ол қорытындылармен танысып болған жоқ.
«Арнайы комиссияның құрамында Әзербайжан, Қазақстан, Ресей елдерінің сарапшылары мен Embraer компаниясының өкілі, сондай-ақ, халықаралық агенттіктің өкілдері бар. Сондықтан, халықаралық агенттіктің шартына сай, бірнеше ай ішінде Қазақстан осы тергеудің қорытындысын шығару керек. Айта кетейін, біз әуе апатының техникалық жағын ғана тергейміз. Ал, заңнама тұрғысынан Бас прокуратура Ресей тарапынан сұрақтарды күтіп отыр. Яғни, Ресейдің құқық қорғау органдарынан бір жауап болу керек», - деді Бозымбаев.
Айта кетейік, AZAL әуе компаниясының Embraer 190 жолаушылар ұшағы 2024 жылғы 25 желтоқсан күні Бакуден Грозныйға ұшып бара жатып, Ақтау қаласының маңында апатқа ұшырады.Ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған. 38 адам қаза тауып, 29 адам аман қалған.