Трамп Иранмен келіссөз жүріп жатқанын мәлімдеп,соғысты 5 күнге тоқтатты
АҚШ президенті Иранмен келіссөздер басталғанын хабарлап, әскери әрекеттерді уақытша тоқтату туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.
АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен келіссөздер басталғанын жариялады. Бұл туралы ол Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
Ақ үй басшысының мәлімдеуінше, соңғы екі күн ішінде Вашингтон мен Тегеран арасында Таяу Шығыстағы әскери ахуалды тұрақтандыру мәселесіне қатысты келіссөздер өткен. Оның сөзінше, тараптар “толық әрі жан-жақты реттеу” бағытында “өте тиімді және нәтижелі” диалог жүргізген.
Осы жағдайға байланысты Трамп Иран аумағындағы энергетикалық инфрақұрылымдарға, соның ішінде электр станцияларына қатысты жоспарланған әскери соққыларды уақытша тоқтатуды тапсырған. Атап айтқанда, мұндай операциялар бес күнге кейінге шегерілген.
Сарапшылар бұл қадамды шиеленісті бәсеңдетуге бағытталған уақытша дипломатиялық мүмкіндік ретінде бағалап отыр. Сонымен қатар, келіссөздердің нақты нәтижесі алдағы күндері белгілі болмақ.