Қоғам

Қазақстандық блогерге мемлекетаралық іздеу жарияланды

Блогер ел аумағында лицензиясыз жұмыс істеген заңсыз интернет-казино қызметін ұйымдастыруға көмектесті деген күдікке ілінді.

Қаржы мониторинг агенттігі “Ильярчик” (andersonchik1) лақап атымен белгілі қазақстандық блогерге мемлекетаралық іздеу жариялады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Қаржы мониторинг агенттігінің мәліметінше, Ювашев Ильяр Салаватович 2024-2025 жылдары интернет-казино желісін құруға және басқаруға қатысқан. 

“Қаржылық ағындарды заңдастыру және операцияларды жасыру үшін 22 жалған заңды тұлға тіркелген, сондай-ақ POS-терминалдар мен электрондық төлем құралдары қолданылған, олар арқылы ойыншылардан жалпы сомасы 3,6 миллиард теңгеден астам қаражат түскен”, – делінген хабарламада.

Оның қайда жүргені туралы қандай да бір ақпарат білсеңіз, оны Астана қаласы Экономикалық тергеу департаментіне хабар беруіңізді сұраймыз: телефондар: +7 7172 70 84 79 (ішкі 21384) – кезекші бөлім; 

Call-center: 1458. 

Сыйақы және анонимділік кепілдендірілген.

Сондай-ақ агенттік ҚМА-ның Астана қаласы бойынша департаменті Беларусь Республикасының азаматы, Mellstroy атымен белгілі блогер Андрей Буримге қатысты қылмыстық істі тергеуді жалғастырып жатқанын атап өтті. 

"Интернет-казиноны насихаттау үшін блогер түрлі ұтыс ойындары мен челлендждер ұйымдастырған. Қатысушыларға TikTok, YouTube Shorts және басқа да әлеуметтік желілерде Mellstroy бренді, казино логотиптері мен сайт сілтемелері көрсетілген бейнероликтер түсіру ұсынылған. Бурим халықаралық іздеуге жарияланған", - делінген хабарламада.