Қоғам

5 күн далада жатып қалған малшы оқиғаның қалай болғанын айтты

Абай облысында жоғалып кеткен малшы 5 күннен кейін аман-есен табылды. Ол осы уақыт ішінде қар жеп, жан баққан. Sputnik Қазақстан тілшісі Қымбат Семейбаев пен оны құтқаруға атсалысқан 26 жастағы полиция инспекторы Абылайхан Ақатаевтан оқиғаның мән-жайын сұрады, деп хабарлайды Kyn.kz.

17 наурызда жоғалған биені іздеп шыққан Қымбат Семейбаев оқыс жағдайға тап болады.

"Жылқыны іздеп шықсам, бір бие үйелеп қалыпты. Мінген атымды қолыма байлап, ана биені итеріп тұрғызып жіберейін деп едім, бие тұрып барып қайта жатып қалды. Сол кезде бір аяғым астында қалып қойды. Сүйегім бытыр ете қалды, жаным көзіме көрінді. Аяғымның сынғанын білдім. Аяғым сол күйі шықпай жылқының астында қалды. Содан екінші аяғыммен биені итеріп едім, бие тұрып кетті", - дейді малшы.

Қымбат аға әупірімдеп жүріп, атына қайта мінбек болады.

"Қанша әрекет етсем де міне алмадым, мына сынған аяғым түк икемге келтірмеді. Сау аяғымды көтеріп көріп едім, сынған аяғым бұраң ете қалды, жаным көзіме көрінді. Қолымда телефоным болды, бірақ байланыс жоқ, ешкімге хабарласа алмадым. Жатқан жерім су болды, әбден тоңдым. Алдын ала адам бір нәрсені сезуші еді, ең болмаса ондай да сезім болмады", - дейді Қымбат аға.

Қымбат аға 19 наурызда туған күнін ақ қар көк мұзда, далада жатып қарсы алған. Ол 57 жасқа толды, төрт баласы бар, үш немеренің атасы.