Басты жаңалықтар

Ибраев Нұрболат: Жұмысшылар заңгердің кеңесіне жүгінсе ешқашан ұтылмайды

Заңгер қарапайым жұмысшының құқығы заң бойынша қорғалғанын, тек кей азаматтар оны пайдалануға құлықсыздық танытатынын айтады.

Әр азамат қандай да бір жұмыспен айналыспас бұрын оның түсініксіз тұстарын заңгермен кеңесіп, оған үлкен жауапкершілікпен қараса еш ұтылмайды. Заңгер Нұрболат Ибраев өз тәжірибесінде жұмыс берушіге алданған жұмысшылардың құқығын талай мәрте сот алдында қорғаған. Тіпті кейде жұмысты істетіп алып, бір тиын төлемей кететін жұмыс берушілер де болады екен, деп жазды KYN.KZ  тілшісі.

«Бізде заңда бәрі көрсетілген. Жұмысшының құқығы толықтай қорғалған. Көп жағдайда қарапайым адамдар заңға жүгіне бермейді. Тіпті еңбек шартынсыз келісімге өздері барады. Ауызша айтылған уәдені сотта дәлелдеу жағы да кейде қиындық тудырып жатады. Әрине ол адамның жұмыс істегенін дәлелдеуге болады. Бірақ, нақты айлық сомасын, уәде етілген қаржы көлемін дәлелдеу қиындық тудырады. Әр адам кейіннен заңгерге шығынданып, сотпен дәлелдеп қиналмас үшін, алдын ала еңбек шартын алуы керек. Түсінбеген тұсын заңгердің көмегімен талқылап алса ешқандай мәселе туындамайды»,-дейді заңгер.

Кейде еңбек шарты бар, дегенмен жұмыс беруші қандай да бір шындыққа келмейтін дүниелерді алға тартып ескерту, сөгіс, тіпті жұмыстан шығарып жіберу туралы "заңды құжат" ұстатады жұмысшысына. Керек емес болып қалған жұмысшы құқығы тапталғанын дәлелдей алады екен.

«Ия, жұмыс беруші қандай да бір себеп тауып жұмысынан айыратын кездер көп. Қандай да бір тәртіпті бұзғанын дәлел етіп түсіндіреді. Келісім кеңесі оны мақұлдап жұмысшы далада қалды. Бір клиентіме алдымен ескерту бермеген, жұмыстан шығару бұйрығын таныстырмаған. Сол арқылы осы жайттың бәрін сотта қарап, жұмысына қайта оралған жағдай болды.Тіпті осының заңсыз екенін дәлелдеуге кеткен уақытына айлықты төлеттік. Бұл жұмысшының сауаттылығының арқасы. Заңгерге жүгінді, мәселе шешілді. Жұмыс берушілер заңды келісім қағазын жасаудан қашқақтайтын себептер көп. Салығы артады. Зейнетақы қоры салым, әлеуметтік төлем, медициналық сақтандыру. Құрлысшы болса оның қауіпсіздігі, жараланса төленетін ақы болады. Міне жұмыс беруші осындай шығындардан қашады. Жұмысшы қай салада еңбек етеді, өз құқығын білуі қажет. Білмесе заңгердің көмегіне жүгінсін. Айта кететін жайт, сөгіс алса, жұмыстан қуылып жатса оны сотқа шағымданатын уақыты болады. Уақыт өтіп кетсе күші жойылады. Сондықтан тағыда айтарым, заңгерге уақытылы  жүгінген жөн. Жеке бағыты бойынша қарастырып береді»,-дейді заңгер Нұрболат Ибраев.

Кейде жұмысшылар ірі компаниялардан қорқып, "сотқа шығындалып қаламын, босқа әуре боламын" деп түйіндейді. Бірақ, оның салдары өмір бойғы өкінішке әкелмеуіне ешкімнен кепіл жоқ.

«Кейде жұмысшылар шынымен ауырып қалады бірақ, соны медициналық құжатпен растап, жұмыс орнына жеткізбейді. Егер сол бір қарапайым дүниеге салғырттық танытпаса оның да төлемі болады. Әсіресе құрылыста еңбек ететіндер, келісім құжатынсыз жұмыс істемеңіздер. Тіпті уақытша болса да қандай да бір келісім құжаты болуы тиіс. Мысалы, құрылыс алаңында жұмысшы құлап, мүгедек болып қалды делік. Заңсыз еңбек етсе ол ешқандай төлем, еміне, дәрісіне қаражат ала алмайды. Әрі қарай жылдар бойы тіпті басқа жұмысқа жарамсыз болып қалуы мүмкін. Бұл жағдайда ешкімнің ештеңесі кетпейді, тек салғырттық танытқан жұмысшының өзі ғана опық жейді. Заңда бәрі көрсетілген, жұмысшының құқығы қорғалған. Тек соны әр адам пайдалануды әдетке айналдыруы керек. Бұл заң жұмысшының құқығын қорғайды. Әр адам өзіне қатысты заңды біоу, оны пайдалану өзіңе деген құрмет.»,-дейді заңгер.

Қазақстанда жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы дау бойынша өткен жылы 7 мың іс сотқа жеткен. Оның көбісі сот шешіміне жетпей тараптардың келісімімен шешіліп жатады. Көп жағдайда даудың себебі: жалақы төлемей қою, заңсыз жұмыстан шығару, өтемақы төлемеу, тәртіптік жазаға келіспеу. Сот үкімімен шағымданушылардың 60-80%өті сотта жұмыс берушіні жеңеді екен.