Қоғам

Kinopark желісі қазақстандық фильмдерден жарнама үшін заңсыз ақша алып келген

Кинотеатрлар желісі отандық киноөндірушілерді жарнама бюджетiн төлеуге міндеттеген.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы қаласындағы департаменті Kinopark – Kinoplexx Theatres кинотеатрлар желісінің қазақстандық режиссерлері түсірген фильмдерден заңсыз жарна алып келгенін анықтады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Сондай-ақ, жарнамасы үшін ақша төлемеген фильмдерді прокатқа шығармай отырған. 

«Kinopark – Kinoplexx Theatres кинотеатрлар желісі үстем жағдайды теріс пайдаланып келген. Дәлірек айтсақ, кинотеатрлар желісі отандық киноөндірушілерді жарнама бюджетiн төлеуге міндеттеген. Әйтпегенде,  фильмдерді прокатқа шығармаған», - деп хабарлайды агенттік.

Мұндай талаптар бәсекелестікті шектеп, нарық субъектілерінің заңды құқықтарын бұзған, киноөндірушілердің кинопрокат нарығына кіруіне кедергілер жасап, отандық кинематографияның дамуын тежеген.

«Осыған байланысты Kinopark – Kinoplexx Theatres компаниясына Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу белгілерінің бар екендігі туралы хабарлама жолданды. Хабарламаны қараған желі заң бұзу фактілерін жойды», - деп хабарлайды агенттік.

Ендігіде Қазақстанда түсірілген фильмдер прокатқа шығу үшін міндетті жарнама шығындарын төлемейді және режиссерлер фильмдерін прокатқа шығару үшін «жарнадан» босатылады.