Көпбалалы ана: Қарапайым еңбек адамы болудан ұялмау керек
Алматылық тігінші: үйінде ине-жіп ұстамайтындарды көргенде таң қалмаймын.
Мақсат Жақсылыққызы бала күнінен қолөнерге жаны құмар жан. Мектептің бастауыш сыныбында кезден-ақ әжесімен алаша тоқып, жүн иіріп жіп жасап, одан шұлық, малақай сияқты бұйымдарды тоқыған. Бала күнгі тапшы, сәнді дүниелерді қолдан жасап, киіп алатынбыз дейді, KYN.KZ тілшісіне берген сұхбатында.
«Бала күнімізде қазіргі балалар сияқты бізде телефон, телевизор, түрлі қызылды-жасылды уақытымызды алатын дүниелер аз болды. Біздің балалаық шағымызда ата-аналарымыз «кітап оқиберме көзің ауырады» деп ұрысатын. Бар қызығымыз кітап болатын. Қолымыз қылт етсе үлкендер жағы еңбекке баулыйтын. Есімізді білгеннен қолымыздан келетін шаруаны мойнымызға жауапкершілік етіп тапсырып қоятын үлкендер. 4-5 жастан қозы бақтық. Одан өскенде есік алдындағы егіннің шөбін жұлдық, қыз болып етек-жеңді жия бастағанда жүн түтіп, жіп иіріп, алаша тоқыдық. Әжеміз әр оюдың мағынасын айта отырып сырмақ тоқытатын. Міне соның барлығы нағыз еңбек, дүниені тану, ата-бабаң қолданған ою-өрнекті білу институты болды біз үшін. Тіпті тоқып отырған алашаның астына кітап қойып оқып отырып еңбек ететінбіз. Соның арқасы болар біздер қазір бір дүниені жасамасақ, қарап отыра алмаймыз. Қолды қусырып отыру бізге бала күннен жат, жалқаудың қылығы, жатып ішер сүйкімсіздің образы ретінде таныстырылған. Содан болар қазіргі күнге дейін ештеңе істемей, бос отыра алмаймыз»,-дейді 11 немеренің әжесі.

Мақсат Жақсылыққызы зейнет жасына жақындаған. Дегенмен бала күнгі әже институтының үйреткен сабағы болар бүгінгі күні түрлі үлгідегі киімдерді қолдан тігеді.
«60 жасқа жақындадым. Қазір тігін цехінде заманға сай стильде сұранысқа ие киімдерді тігемін. Балаларым «Қиын ғой, жаныңызды қинап қайтесіз. Тігіншілік көздің майын тамызып еңбек ететін ауыр жұмыс. Тастаңыз» деген сынды өз ойларын айтып жатады. Бірақ тігін, қолөнер маған бала күннен сіңген еңбек түрі. Бұл ісімнен рақаттанамын. Тіккен дүнием тапсырыс берушіге ұнаса шабыттанамын. Әрі менің жұмысым сұранысқа сай жыл санап құбылып, дамып, өсіп отыратын жұмыс. Сонысымен де мені жалықтырмайды. Жастар қазір оңай жұмыспен айналысып, жылдам көп ақша тапқысы келеді. Ол да жақсы. Бірақ әр адамның сүйіп айналысар ісі болғаны дұрыс. Өзіңе ұнаған іс жұртқа қарапайым көрінсе де айналысуың керек. Өйткені адам ұнаған іспен айналысқанда шабыттанады, дамый түседі, сұраныста болады. Қазір үйінде инесі жоқ келіншектер бар. Заманның талабы, өмір сүру мәдениеті өзгерген шығар. Бірақ ол менің түсінігіме жат нәрсе.Құрақ көрпе тігіп саттым. Онда әр деталь есептеулі. Үңіліп отырып бір көрпешені апта бойы тігетін кездер болады. Жастар мұны ауыр еңбек, арзан бағаланады деп үйренуге де қызықпайды. Сол жағы мені қынжылтады. Ұлттық нақыштағы бұйымдар сәнге айналып жатса, сұраныста болса қуанамын. Біз сол құрағымыз бен, ою-өрнегімізбен қазақпыз. Ұмыт қалып, керексіз болып қалмаса екен деймін. Егер қолөнер сұраныста болса оны меңгеретін жастар да көп болар еді. біздің кезімізде әр қыз кесте тігіп, ою ойып, құрақ құрайтын»,-дейді көпбалалы ана.
Мақсат Жақсылыққызы өзінің жұмысын заманауи үрдісте дамытып жүрген блогер әже. Өзіне жан-жақты болуға рұқсат берген көпбалалаы ана заманның ағымымен жүру керек деп есептейді.
«Мен Tik-Tok желісін қолданамын. Онда көпшілікке өз туындыларымды көрсетемін. Алдымен ағайын-туыстың жасаған затыма пікір білдіргенін қаладым. Сосын сол желі арқылы тапсырыс берушілер таба бастадым. Мен орта жастағы әйел болғандықтан өмірлік тәжірибем, әйелдік өмірім, қазақтың құда-жекжаты туралы көзқарасымды, енелігім, келін мен күйеу баламен сыйластығымды да көрсете беремін. Ол менің шынайы өмірім. Керек адам жазылып көреді. Ұнамаса ешкімді қинау жоқ. Қарапайым тігінші екенімді көрсетіп, жұмысымды насихаттаймын. Қарапайым болудан ұялмау керек. Желідегі шынайылық керісінше күйзелістегі әйелдерге көмек болуы мүмкін. Бар байлығыңды көрсетіп, жылтыр өмірді көрсету сәннен кетіп жатыр деп есептеймін. Оның қоғамға, қарапайым адамға берері аз. Керісінше әр адамға көмегі тиер, үлгі болар бір дүние көрсеткен жөн деп білемін.Тігіншілікке қызыққандарға білетін кеңесімді айтамын. Меннен мықты білетіндерден үйренерімді сұраймын. Әлеуметтік желі үлкен күш. Оны пайдалана білген дұрыс»,-дейді көпбалалы ана.