Мектеп психологы: Әр ата-ана өз баласының психологиясын тани білуі керек
Маман: Ересектерге күлкілі дүние балаларға үлкен дерт болуы мүмкін.
Бүгінде бала санына қарай әр мектепте бірнеше балалар мен жасөспірімдер психологы еңбек етеді. Олардың негізгі міндеті әр сыныптағы оқушылардың мінез құлқын әсіресе өтпелі кезеңдегі өздерін ұстауын бақылауда ұстап, қажет кезде көмек көрсету. Балалар психологы Айгерім Ақтанова баланың бойындағы өзгерісті ата-ана да жіті бақылауда ұстауы қажет екенін айтады.
«Балалардың жасөспірімдік кезеңі, өтпелі кезеңі түрлі құбылмалы мінезбен өтуі мүмкін. Біз нақты «тұйық бала қауіпті немесе ашық баланың психологиясында өзгерістер болады» деп дөп басып айта алмаймыз. Кей балалар үндемей барлық ойын іште сақтайды. Кей бала сыртқа ақкөңіл, ашық, айналасына жадырап жүргендей көрінуі мүмкін. Бірақ оның ішінде психологиялық бұзылыстар болып жатуы мүмкін. Әрине, мектеп психологтары олардың ішкі жоспарын, қалауын, ойын анықтау мақсатында түрлі сұрақтар мен тесттер арқылы байқауға алады. Бұл өте күрделі құбылыс, бала кейде сұрақтарға ашылып жауап қатпауы да мүмкін. Қазір бізде баланың жанын ауыртуға түрткі боларлық себептер көптеп айтылып жатады. Тіпті кей ересектер ол заттың бала үшін маңызды екенін ойламауы да мүмкін. Сондықтан, әр ата-ана балаларымен үнемі жақын, сенімді, достық қарым-қатынаста болғаны жөн»,-дейді Айгерім Ақтанова.
Кей балалар мектептегі сабақ үлгерімі үшін де өмірден түңіліп кетеді. Егер баланың сынып жетекшісі, мектеп психологы оқушыдан қандай да бір өзгерістер байқаса оны нақтылауға кіріседі.
«Аутодеструктивті мінез әр балада әртүрлі байқалады. Бір бала өзіне қымбат бұйымдарын жан-жағына таратуы мүмкін. Бір бала қоштасу хатын жазып дайындалады. Бір бала досымен ішкі ойын бөліседі. Көп жағдайда ата-анасымен еркін сөйлесе алатын баланың өзі мұндай ойын оларға айтпауы мүмкін. Бірақ баланың мінезіндегі өзгеріс, қызығушылық зерттей қараған ата-анаға байқалады. Ондай кезде ата-ана, сынып жетекші балаға дұрыс көмектесе алуы керек. Ол көмектің өзі де жеке жағдайға қарай көрсетіледі. «Барлық балаға тек мына тәсіл жөн болады» деген сөз жоқ. Онымен арнайы білікті маман айналысуы керек»,-дейді Психолог Ақтанова.
Ең таңқаларлығы өмірден түңіліп, сол ойын жүзеге асыру ойлары көптеген адамдарда болады екен. Бала күнінде суицид жасағысы келген немесе оған ұмтылғандар есейе келе ондай ойдан мүлде бас тартып, жаман ой оларды ешқашан мазаламайтындай болып кетуі де ықтимал екен.
«Әрине әр адам ерекше. Адамдардың психологиясы да бір-біріне 100% мүлде ұқсамайды. Кей адамдарда бала күннен өзіне қол салу, кішкене ренжісе өмірден түңілу ойлары болады. Ол күзде, көктемде аздаған күйзеліс кезінде болуы мүмкін. Бірақ, оны психолог маманына ашылып айтып, мәселені түбегейлі шешуге болады. Баланың жаны ауырған түста мысалы: жауапсыз махаббат, құрдастарының мазағы, тағы бір танысының орынсыз әзілі, сабақ үлгерімі нашар болғаны, ата-анасының ұрысы әрине әр баланың жанын ауыртады. Бірақ маңайындағы ересектер балада осындай мәселе болған тұста дұрыс әсер етіп үлгеруі керек. Бұл бар дүниенің соңы емес екенін түсіндіріп, ашық сұқбаттасқан жөн. Жағдай ушығып жатса әрине маманға бару керек. «Бұндай бәрінде болады» деп салғырттық танытпау қажет. Көп жағдайда өзіне қол жұмсауға бекінген бала алдымен айналасынан көмек сұрайды»,-дейді маман.
Қазақстан бойынша жылына 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдерден 100-170 бала өзіне қол жұмсайды екен. Бұның ішінде ер балалар өлімі көп. Өзіне қол жұмсауға әрекеттеніп дәрі ішу, секіру сынды әрекеттерге барып, бірақ аман қалатын жағдайлар да өте көп.Бірақ қуантарлық жайт, соңғы жылдары жасөспірімдердің өздеріне қол жұмсауы 6 %-ке азайған.