Түркістан облысында газдандыру: нақты нәтиже мен жүйелі жоспар
Көгілдір отынмен қамтылған халықтың қуанышында шек жоқ.
Майра Өмірзаққызы Түркістан облысына қарасты Жантақсай ауылында туып өскен. Бала күннен қазірге дейін қысқа отын қамдап, жазда амалын тауып көгілдір отынды баллонмен сатып алып тұтынатын. Биылғы қыста ауылға көгілдір отын жүргізіліп, біршама мәселе бірден шешілді деп қуанып отырғанын айтты KYN.KZ тілшісіне.
"Әрине тамақ пісіру газ баллонымен қиын емес. Ең ауыры қысты күні үйді жылыту. Мысалы, көмір, отын дайындап, сатып алып айтарлықтай қысқа дайындық көретін едік. Биылғы қыс жылы болды, одан қалса газымыз лапылдап жанып, берекеміз кіріп қалды. Пеш өшіп қалды, ыстанып қаламыз ба деген қорқынышты күндеріміз арқада қалғанына қуанамыз. Әрине ауылда тұрғандықтан бұған дейінгі бейнетті өмірімізге разы едік. Бірақ, газдың кіруімен берекеміз кіріп, жұмысымыз бен, уайымымыз азайды деп айта аламын",-дейді Жантақсай ауылының тұрғыны.
Түркістан облысында табиғи газбен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асып, жыл сайын нақты нәтижелерін көрсетіп келеді. Өңірдегі инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған бұл бастама – халықтың тұрмыс сапасын арттыруға арналған маңызды жобалардың бірі.
2025 жылы газдандыру саласына 20,7 миллиард теңге көлемінде қаржы бағытталып, 87 нысанның құрылысы қолға алынды. Қаржыландыру бірнеше көзден жүзеге асырылды: ұлттық қор, облыстық бюджет және «Самұрық» жүйесі арқылы. Соның нәтижесінде, жыл ішінде 45 нысан пайдалануға беріліп, 41 елді мекендегі шамамен 70 мың тұрғын көгілдір отынға қол жеткізді. Қалған 42 жоба келесі жылға жалғасатын болды.
Жалпы көрсеткіштерге назар аударсақ, 2025 жылдың соңында облыстағы 801 елді мекеннің 606-сы табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болды. Бұл – 75,6 пайыз. Ал тұрғындар саны бойынша қамту деңгейі 88,7 пайызға жетіп, 1,9 миллионнан астам адам газ игілігін пайдалануға мүмкіндік алды.
2026 жылға арналған жоспарлар да ауқымды. Бұл жылы 74 нысанның құрылысына 13,7 миллиард теңге бөлініп отыр. Оның басым бөлігі облыстық бюджет есебінен қаржыландырылмақ. Жыл қорытындысында 33 нысан аяқталып, тағы 34 елді мекендегі 19 мыңнан астам тұрғын газға қосылады деп күтілуде. Ал 41 нысанның құрылысы 2027 жылға өтпелі болады.
Осы жұмыстардың нәтижесінде, 2026 жылдың соңына қарай газдандырылған елді мекендердің үлесі 79,9 пайызға дейін өседі. Тұрғындарды қамту деңгейі де артып, 89,6 пайызға жетеді деп жоспарланып отыр.
Газдың ауылдарға келуі – жай ғана инфрақұрылымдық өзгеріс емес, бұл күнделікті өмірдің сапасына тікелей әсер ететін фактор. Бұрын көмір мен отынға тәуелді болған тұрғындар үшін бұл үлкен жеңілдік. Мәселен, газ тартылған елді мекендердің бірінде көпбалалы отбасы қысқы дайындыққа кететін шығын мен уақыттың айтарлықтай азайғанын айтады. Үй жылы, ауа таза, ал тұрмыс әлдеқайда қолайлы бола түскен.
Өңірді толық газдандыру мақсатында 2023–2027 жылдарға арналған арнайы жоспар бекітілген. Құжатқа сәйкес, алдағы екі жыл ішінде тағы 161 елді мекенге газ жеткізу көзделіп отыр. Оның ішінде 36 ауыл экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп танылғанымен, кезең-кезеңімен шешу жолдары қарастырылуда. Жалпы бұл жоспар 222 мыңға жуық тұрғынды қамтиды.
Қорыта айтқанда, Түркістан облысында газдандыру жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асып, нақты нәтижелер беріп отыр. Егер белгіленген жоспар толық орындалса, алдағы жылдары өңір халқы толықтай табиғи газға қол жеткізетін деңгейге жетеді.