Қазақстанда 1 сәуірден бастап коммуналдық тарифтерді көтеруге рұқсат беріледі
Бұған дейін коммуналдық қызмет бағасына мораторий жарияланған еді. Енді оның мерзімі аяқталды.
1 сәуірден бастап Қазақстанда коммуналдық қызмет көрсететін ұйымдарға тарифтерді заңды түрде көтеруге мүмкіндік беріледі. Бұл туралы табиғи монополияларды реттеу саласында өткен талқылаулар барысында мәлім болды.
Еске салайық, 2025 жылдың қазан айында коммуналдық тарифтердің өсуіне уақытша мораторий енгізілген еді. Аталған шектеу 1 сәуірден бастап өз күшін жояды.
Мамандардың айтуынша, енді су, электр энергиясы, жылу және басқа да коммуналдық қызмет түрлері бойынша тарифтерді қайта қарауға жол ашылады. Алайда уәкілетті органдар тарифтердің бірден емес, кезең-кезеңімен өсетінін атап өтті.
Коммуналдық қызметтер қатарына жылумен қамту (ыстық су мен орталық жылыту), электрмен жабдықтау, суық сумен қамтамасыз ету, кәріз жүйесі, газбен қамту, қоқыс шығару және лифт қызметі кіреді.
Тарифтердің нақты қашан өсетіні әр өңірдегі өтінімдердің берілуіне байланысты болады. Коммуналдық кәсіпорындар алдымен табиғи монополияларды реттеу департаментіне тиісті өтінім жолдауы тиіс. Бұл өтінімдерді қарау белгілі бір уақытты талап етеді.
Табиғи монополияларды реттеу комитетінің мәліметінше, алғашқы өтінімдер сәуір айында түсуі ықтимал. Егер жеткізушілер «Инвестицияға қарсы тариф» бағдарламасы аясында жедел өтінім берсе, тарифтердің алғашқы өзгерістері маусым айында байқалуы мүмкін. Мұндай жағдайда өтінімдерді қарау мерзімі шамамен 40 күнді құрайды, ал стандартты тәртіп бойынша бұл процесс 90 күнге дейін созылады.
Алғаш болып тарифтер инфрақұрылымы тозған өңірлерде көтерілуі мүмкін. Атап айтқанда, Солтүстік, Шығыс және Батыс Қазақстан аймақтары, сондай-ақ Ақмола облысында коммуналдық желілердің жағдайы күрделі екені айтылды.