Алматы облысында төбелес болып, полиция қару қолданды (ВИДЕО)
Есік қаласында бір топ ер адам төбелес шығарды.
Алматы облысы бір топ ер адам төбелесті. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері ескерту ретінде ауаға оқ атып, жеті адамды ұстады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Оқиға Еңбекшіқазақ ауданындағы Есік қаласында 28 наурызда орын алған. Әлеуметтік желіде оқиға орнында болған сәтте түсірілген бейнежазба тарады.
Алматы облысы полиция департаменті бастығының тергеу жұмыстары жөніндегі орынбасары Рустам Абдрахманов әлеуметтік желілерде тараған жарияланымға түсініктеме берді.
“Аталған факті бойынша екі қылмыстық іс тіркелді, бұл – бұзақылық және полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсету. Жеті адам күдікті деп танылды. Олардың барлығы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды”, – деп мәлімдеді Рустам Абдрахманов.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
“Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Әрбір қатысушының әрекетіне құқықтық баға беріледі. Барлық қажетті тергеу әрекеттерін Еңбекшіқазақ аудандық полиция басқармасының қызметкерлері Алматы облысы полиция департаментінің үйлестіруімен жүргізіп жатыр. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынған”, – деді полиция департаменті бастығының тергеу жұмыстары жөніндегі орынбасары Рустам Абдрахманов.