Қоғам

Жастар арасында қазақ тілді контентке қызығушылық артты

Осыдан бірнеше жыл бұрын қазақ тіліндегі контент көп қаралым жинамайды, қызығушылық жоқ деген пікірлер жиі кездесетін.

Ал қазір  қазақ тіліндегі контентке деген қызығушылықтың қарқынды түрде өсіп келе жатқанын байқауға болады. 

Сарапшылардың айтуынша, сұраныстың артуы кездейсоқ емес, ресми зерттеулермен расталған әрі объективті себептер бойынша өсуде. Yandex Ads Conference Qazaqstan зерттеуі бойынша қазақ тіліндегі контентті пайдаланатындардың жас ерекшелігі 15-34 жас аралығын құрайды. Сондай-ақ зерттеушілер 2040 жылға қарай бұл халықтың үштен бірін құрайтынын жазған. Ал Datareportal деректері бойынша Қазақстанда 19.2 млн интернет-пайдаланушы бар, бұл халықтың 92.9% құрайды және бұл сан өсуде.

Әрине, қазақша контентке деген сұраныстың артуына әлеуметтік және мәдени себеп те өз үлесін қосты деуге болады. Өйткені қазір жастар арасында қазақ тілін дұрыс қолдану – трендке айналды. Сондай-ақ жастардың танымдық әрі көңіл көтеру контентін жасау барысындағы креативі де оң әсер берді. 
Жастар қазақ тілді контент төңірегінде тұтас мәдени қозғалыс құра білді: әлеуметтік желілерде, видеоблогтарда және Тикток стримдерде қазақ тілін белсенді пайдаланды. Жас ұрпақ үшін бұл тек тілді таңдау ғана емес, өзінің тегіне және тарихына деген құрмет. 

Ең маңызды аспект ретінде қаржылық нарықты айтуға болады. Өйткені нарықтағы компаниялар қазақ тілінде ақпарат берудің пайдалы әрі өтімді екеніне көз жеткізіп келеді. Ал қазақ тіліне жасалған әр құрметсіздік компанияға жасалған қастандық. Қазақ тіліне қарсы құрметсіздік көрсетіп халық наразылығына ұшыраған түрлі жағдайлар бары жасырын емес. Қазақстандық аудитория көбіне ана тілінде ақпарат беретін брендке сенім артады. Сол себепті өнімді сатып алу ықтималдылығы да жоғарылайды.

 Yandex Ads-тың соңғы зерттеуі бойынша, Қазақстанның интернет-пайдаланушыларының 15% – ы қазақ тілінде ақпарат алуды жөн көреді. Сондай-ақ бұл аудиторияның қазақ тілінде ақпарат тарататын брендтерге деген қызығушылығы жоғары. 
Бұдан бөлек Yandex Qazaqstan қазақстандықтардың 27 пайызы ақпаратты интернеттен қазақ тілінде іздейтінін хабарлаған болатын. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда әлдеқайда көп.

 Қорыта айтқанда қазіргі жастар арасында қазақ тілінің қолданысы артып келеді. Бұл қуанарлық жағдай. Сұраныс бар жерде бәсекелестік артатыны да рас. Қазақ тілінің әлемдік цифрлық алаңда, digital нарықтағы болашағы зор.