Соңғы зерттеулерге сәйкес қазақстандық балалардың 60 пайызында жеке парақша бар екені белгілі болды. Бұдан бөлек қазір 1 жастан асқан балалар да гаджет пайдаланады. Үлкендердің көбі күнделікті өмірде гаджеттерді жиі пайдаланатындықтан балалардың кішкентай кезінен телефонға үйір болуы да қалыпты жағдай. Алайда мамандар ата-ана баланың телефон пайдаланатын уақытын қатаң бақылап, қадағалауы керек деп кеңес береді.
Ал қазақ тілді контенттің балаларға пайдасы қандай? Қазіргі балалардың тілі орысша шығып жатқанына қазақ тілді контентің аздығы себеп. Тіпті өзге тілде контент пайдаланғандықтан тілі шықпай жатқан балалар қаншама?! Алайда бұрынғыға қарағанда балаларға арналған қазақ тіліндегі контент саны артып келеді. Соның бірнешеуін оқырман назарына ұсынамыз.
Torghai-TV
Балаларға арналған Youtube арнасына миллионнан астам адам тіркелген. Бұл парақшада үй жануарлары, әлемдегі қызықты оқиғалар жайлы түсінікті әрі қызықты видеолар жарияланған. Әлемді енді ғана танып келе жатқан балалар үшін бұл таптырмас контент.
Balafunny
Бұл аккаунтың 605 мыңнан астам тіркелушісі бар. Balafunny арнасының видеолары балалардың көңілін көтеру мақсатында дайындалған. Алайда басты ерекшелігі балаларға арналған әндердің бәрі қазақ тілінде.
ZEREKBALATV
Youtube арнасында балаларға арналған ертегілер жинақталған. Парақшадағы ертегіні баланың жасына қарай таңдау мүмкіндігі бар. Көбінесе 2-3 жас, 4-5 жастағы балаларға арнап видео жариялайды. Ертегілерден бөлек балаларға түсінікті етіп жасалған пайдалы, танымдық ақпараттар да жарияланған.

Бүгінде көптеген киноларға түсіп жүрген 7 жастағы Раяна Бақытжанқызының алғашқы видеоларын анасы 2-3 жастан бастап желіге жүктеп бастаған. Тұңғышын желіге жүктеу арқылы Айдана оның тәтті қылықтарын естелік ретінде жинап отырған.
"Алғашында тұңғышым енді сөйлеп, былдырлай бастаған кезде өзіме қызық көрінді. Бұл сәттердің барлығы естелік болып қалсын деген мақсатпен желідегі парақшама жүктей бастадым. Кейіннен түрлі көңілді әзілдер өз отбасымызда болып жатты. Раянаның тәтті қылығы сол видеоларда көрініс тапты. Мен жүктеген сайын оның да қызығушылығы арта бастады, елдің пікірін оқып беретін болдым. Көпшілік оның түр-тұлғасы фильмге түсуге жарап тұрағнын жаза бастады. Бірінші рет 4 жасында кастингке апардым. Міне содан бастап ол кино, рекламаларға түсе бастады. Кейіннен үйде отырып, өзіміз үшін бастаған ісіміз қарқынды дөңгелей бастады. Қазір Раяна 10-нан асатын танымал киноға түсті. Көптеген сауда белгісінің бет-бейнесі болып көптеген жарнамаға түстік. Қазір Қазақстандағы танымал балалардың бірі. Желідегі Раяна Бақытжанқызының парақшасын кәдімгі жұмыс ретінде қарап, үнемі жүргізіп отырамыз. Бұл бір балаларға үлгі, өзіне мотивация",-дейді Раянаның анасы Айдана Омар.


