Қостанайдағы шағынауданды су басты
Қар тез еріп, шағын ауданды су басты.
Қостанай ауданына қарасты Мичуринское кентінің “Восточный” шағынауданын су басты. Бұл туралы видеолар әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Тұрғындардың айтуынша, 29 наурыз күні кешке көшелерді аз уақытта су басқан. “Алау” ақпараттық порталы Instagram парақшасында жазды.
Қостанай ауданының әкімі Олжас Нұрғалиев тұрғындардың мүлкі зақымданбас үшін жолдар қазылып жатқанын айтты.
“Қар тез әрі көп ерігендіктен Мичурин ауылдық округінде елді мекендердің көшелері мен жолдарын қазу туралы шешім қабылданды. Мұның бәрі тұрғын үйлер мен халықтың мүлкін сақтау үшін жасалып жатыр”, – деді ол.
Сондай-ақ, аудан әкімі оқиға орнында барлық қажетті техника мен төтенше жағдай департаментінің жеке құрамы жұмыс істеп жатқанын айтып, тұрғындарды сабырға шақырды.