Қоғам

"Наурыз – мұсылмандардың мейрамы емес”: Бас прокуратура мәлімдеме жасады

Бас прокуратура қазақстандықтарға ескерту жасады.

Бас прокуратура “Наурыз – мұсылмандардың мейрамы емес” деген қазақстандықтың сөзінен соң мәлімдеме жасады. Көпшілікті онлайн-платформалар мен өзге де жария ақпараттық алаңдарда заңнаманы қатаң сақтауға шақырды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Ведомство мәліметінше, атап айтқанда, жекелеген адамдардың ұлттық дәстүрге, әдет-ғұрып пен тек елімізде емес, оның шегінен тыс жерлерде де көп ғасырлық тарихы бар Наурыз мейрамын атап өтуге қатысты теріс пікірлерді жария түрде таратқан жағдайлар тіркелді.

«Мұндай мәлімдемелер Қазақстанның өзін зайырлы мемлекет ретінде айқындайтын Конституциясының қағидаларына қайшы келіп қана қоймай, елдегі қоғамдық келісімге, оның ішінде ұлтаралық және дінаралық татулыққа зиян келтіруі мүмкін, сондай-ақ ұлттық дәстүр мен әдет-ғұрыптың беделін түсіреді", - делінген Бас прокуратура хабарламасында.

Сонымен қатар, Бас прокуратура журналистердің, блогерлер мен ақпараттық алаң иелерінің жауапкершілігіне ерекше назар аударды. Медиа өкілдерін кәсіби этика қағидаларын, объективтілікті сақтауға және қоғамдық келісімді бұзуы мүмкін идеяларды насихаттауға өз платформаларын пайдалануға жол бермеуге шақырды.

Қоғамдық тәртіпке және азаматтардың құқықтарына әсер етуі мүмкін көрінеу жалған ақпаратты тарату ҚҚылмыстық кодекстің 274-бабына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады ("Көрінеу жалған ақпарат тарату", айыппұл салудан бастап, бірден жеті жылға дейін бас бостандығынан айыруға жазаланады - еск.).

Ұлттық, діни немесе өзге де әлеуметтік алауыздықты қоздыруға бағытталған жария мәлімдемелер Қылмыстық кодекстің 174-бабының ("Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру") қолданысына жатады және ауыр қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады (айыппұл салудан бастап, екіден жеті жылға дейін бас бостандығынан айыруға жазаланады - еск.). Сондай-ақ мұндай әрекеттер діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнаманы бұзу ретінде саралануы мүмкін, бұл үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 490-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылық көзделген.

Бас прокуратура азаматтарды жалған ақпарат таратудан тартынуға, Қазақстан халқының мәдени және ұлттық құндылықтарына құрметпен қарауға, қоғамда алауыздық пен жанжал туғызуы мүмкін мәлімдемелерге жол бермеуге шақырады. Осындай фактілер анықталған жағдайда құқық қорғау органдары заңнамаға сәйкес қатаң шаралар қабылдайды.