Қоғам

Алматыда ұсталған блогер Әділетхан Молдаханның бұрын тонау ісі бойынша сотталғаны белгілі болды

Әділетхан Молдахан 2023 жылдың наурыз айында жасалған қылмысқа қатысы бар деп танылған.

Ақпаратты қалалық полиция департаменті Алматыда ұсталған белгілі блогер Әділетхан Молдаханның бұған дейін тонау дерегі бойынша сотталғанын ресми түрде растады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, Әділетхан Молдахан 2023 жылдың наурыз айында жасалған қылмысқа қатысы бар деп танылған. 

“Сот анықтағандай, 2023 жылдың наурыз айында ол алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен бірге, рөлдерді бөлісіп, тұрғын үй сатып алу үшін ақша алып келген азаматқа шабуыл ұйымдастырған. Қылмыстық ниетін жүзеге асыру барысында күдіктілер жәбірленушінің көлігін аңдып, әдейі тоқтатқан. Одан кейін өзара келісіп әрекет етіп, күш қолданып, ірі көлемдегі ақшаны ашық түрде иемденіп, оқиға орнынан бой тасалаған", – деп пікір білдірді Алматы полиция департаменті.

Сот үкімімен Молдаханға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленген.

Полиция Әділетхан Молдаханның бұған дейін ішкі істер органдарында қызмет еткенін растады. Алайда ол қызметтен тәртіптік теріс себептермен қызметтік абыройды түсіргені және "антқа адал болмау" фактісі үшін босатылған.

"Құқық қорғау органдары заң бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатын ұстанады және өз қатарын құқыққа қайшы әрекеттерге барған қызметкерлерден тазарту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді", - делінген полицияның хабарламасында.