Мәдениет

Әйеліне күш қолданды деген күдікке ілінген Рахат Тұрлыханов қылмыстық істен жалтаруға тырысқан

Сот әншінің шағымын қанағаттандырмай, шешімді өзгеріссіз қалдырды.

Әйеліне күш қолданды деген күдікке ілінген бұрынғы әнші Рахат Тұрлыханов әкімшілік соттың материалдарды қылмыстық құқық бұзушылық белгілерінің бар-жоғын тексеруге жолдау туралы қаулысын даулауға тырысқан. Алайда оның шағымы қанағаттандырылмай, сот шешімі өзгеріссіз қалды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Алматы қаласының прокуратурасында бұл материал бастапқы кезеңде әкімшілік іс жүргізу тәртібімен қаралғанын түсіндірді.

«Әкімшілік соттың қарауының нәтижесінде іс жүргізу тоқтатылды. Сот қаулысына шағым түсірілгенімен, апелляциялық саты оны өзгеріссіз қалдырды, ал шағым қанағаттандырылған жоқ», – деп хабарлады ведомство редакцияның ресми сауалына берген жауабында.

Прокуратура мәліметінше, қазіргі таңда іс материалдары Алматы қаласы Медеу аудандық полиция басқармасына қылмыстық іс жүргізу тәртібімен процессуалдық шешім қабылдау үшін жолданған.

«Қылмыстық іс қозғау мәселесі қазіргі уақытта қаралу сатысында», – деп атап өтті Алматы прокуратурасында.