«Батырлық пен қамқорлық»: Төтенше жағдай қызметіндегі нәзік жандылар
ТЖМ-де әйел офицер болу, қызметті отбасына қамқорлықпен ұштастыру қандай болатынын елестетіп көріңізші! Бұл салада өз әріптестерінің өмірін сақтап қана қоймай, отбасының да қамқоршысы болып жүрген қаһарман нәзік жандылар да қызмет етіп жүр.
Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігі қатарында әйел офицерлер қауіпсіздікті қамтамасыз етуде және жеке құрам арасында моральдық ахуалды сақтауда маңызды рөл атқарады. Олар батылдық пен адалдықтың үлгісі бола отырып, өздерінің қызметтік міндеттерін отбасылық өмірмен қатар алып жүр.
Мысалы медициналық қызметтің аға лейтенанты Балғазина Аяжан Қайратқызы үшінші жыл бойы Есет батыр Көкіұлы атындағы 20982 әскери бөлімінің медициналық пунктін басқарып, дәрігер болу және адамдарға көмектесу деген өз арманын орындады.
"Төтенше жағдай кезіндегі медицина мен күнделікті өмірдегі медицинаның айырмашылығы бар. Ұзақ тексеруге және ойлануға уақыт болмайды. Мұнда реанимобильдің корпусында, тікұшақта немесе тікелей -35°C температурада жұмыс істеуіңіз мүмкін. Яғни уақытпен жарысып, қолайсыздықпен де күресе білуіңіз керек", дейді ол.
Аяжан Балғазина бөлімшедегі медициналық қамтамасыз етуді ұйымдастыруға жауапты. Профилактикалық тексерулер жүргізеді және төтенше жағдайларда жеке құрамның денсаулығын қамтамасыз ететін жаттығуларға қатысады. Ол қызметтің қатаң тәртібін өз нәзіктігімен үйлестіре алған бұл саладағы санаулы нәзік жандылардың бірі. Ол екі баласы барын әрі жолдасы үнемі қолдау білдіріп отыратынын айтты.
Бала кезінен әскери психолог болуды армандаған Әсем Айтбайқызы әскери қызметші Мартбек Мамраев атындағы 52859-бөлімде қызмет етеді. Оның жұмысы оқу-жаттығу кезінде және төтенше жағдайлар кезінде әскери қызметшілерге психологиялық қолдау көрсету болып табылады. Сонымен бірге ол өзінің білімі мен дағдыларын үнемі дамытып, екі ұл тәрбиелеп, отбасылына да қамқор бола білді.
«Біз әскери қызметкерлерге психологиялық көмек көрсетеміз. Ауыр жұмыс күнінен соң немесе түні бойы көз ілмеген қызметкерлер ішіндегісін шығарып, эмоцияны қалыпқа келтіруі керек. Бұл саладағы психологтар құтқарушылардың отбасына моральді түрде аман қайтуына көмектеседі», дейді Әсем Айтбайқызы.