Қоғам

Түркістан облысында өз әкесіне күш қолданған: апелляциялық алқа 41 жастағы ер адамның жазасын күшейтті

Өз әкесіне қол жұмсаған ер адамның ісі қайта қаралып, сот оны 7 жылға бас бостандығынан айырды.

Түркістан облысындағы Жетісай аудандық сотында өз әкесін ұрып-соққан Шардара қаласының тұрғыны Алмас Садакбаевқа қатысты іс бойынша апелляциялық шағым қаралды. Сот алқасы бірінші сатыдағы үкімді қайта қарап, 41 жастағы ер адамның жаза мерзімін ұлғайтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенітті.

Апелляциялық саты Жетісай аудандық соты бұрын 5 жылға сотталған Шардара тұрғынының жазасын ұлғайтты.

Бұған дейін сотталушы 5 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Іс материалдарына сәйкес, ол ауыр науқасқа шалдыққан, өздігінен қозғалу мүмкіндігі шектеулі 70 жастағы әкесіне жүйелі түрде физикалық зорлық-зомбылық көрсеткен. Жәбірленушіге орташа ауырлықтағы дене жарақаттары келтіріліп, физикалық әрі психологиялық азап шеккен. Тергеу барысында алынған жарақаттардың зейнеткердің өлімімен тікелей себеп-салдарлық байланысы жоқ екені анықталған.

Бұл іс әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбалардан кейін кең қоғамдық резонанс тудырды. Көршілер түсірген видеоларда қарт адамның соққыға жығылған сәттері бейнеленген. Жазбалар ол кісі қайтыс болғаннан кейін жарияланған.

Алғашқы сот отырысында мемлекеттік айыптаушы 6 жыл 2 ай жаза тағайындауды сұраған. Алайда сот Садакбаевтың кінәсін мойындауы мен өкінуін ескеріп, 5 жылмен шектелген еді.

Апелляциялық алқа бұл жазаны тым жеңіл деп таныды. Сотталушының әрекеті дәрменсіз адамға қатысты азаптау белгілері бар ауыр қылмыс ретінде қайта сараланып, негізгі жазаға қосымша 2 жыл қосылды. Жаңа үкімге сәйкес, сотталған азамат 7 жыл бас бостандығынан айырылады.

Үкім заңды күшіне енді.