Shymbulak «Бәйшешек» тарифін іске қосты: сырғанау 30%-ға арзандады
Shymbulak тау курорты «Бәйшешек» тарифінің іске қосылғанын хабарлады.
Жаңа тарифтің енгізілуіне байланысты ски-пасс құны 30%-ға төмендеді.
«Бәйшешек» тарифі курорттағы ең жайлы сырғанау кезеңінің басталуына орайластырылған. Бұл уақытта тауда қыс пен көктемнің артықшылықтары үйлеседі: қар жамылғысының сапасы сақталады, күн шуағын төгіп, трассаларда адам саны азаяды.
«Қазақстанда тау-шаңғы маусымы наурыздың соңы мен сәуірдің басында аяқталады. Ал Shymbulak басқа курорттарға қарағанда ең ұзақ жұмыс істейді. Биыл ақпанның соңында түскен мол қардың арқасында қазір сырғанауға өте жайлы жағдай қалыптасты. Ауа-райы қолайлы болса, сапалы сырғанау маусымы кем дегенде сәуір айының ортасына дейін жалғасады деп болжап отырмыз», – дейді «Shymbulak» курортының клиенттерге қызмет көрсету бөлімінің жетекшісі Темірлан Жүсіп.
«Бәйшешек» тарифі аясында әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға арналған жеңілдіктер толық көлемде сақталады. Тарифтер мен келу шарттары туралы өзекті ақпаратты «Shymbulak» курортының ресми сайтында және мобильді қосымшасынан алуға болады.