Мәдени ренессанс және цифрлық код: Жастар арасындағы патриотизм қандай өзгеріске ұшырауда?
Қазіргі Қазақстанда Отанға деген сүйіспеншілік басқалай көрініс табады.
Егер өткен ұрпақ үшін патриотизм көбінесе салтанатты шерулермен байланысты болса, қазіргі зумерлер мен миллениалдар үшін сапалы әрі интеллектуалды өнім шығару және әлеуметтік жауапкершілікті сезінумен байланысты. Қазір патриот болу – ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, жаһандық әлемде бәсекеге қабілетті бола алу.
Шығармашылық арқылы көрініс тапқан патриотизм
Қазір шығармашыл жастар арасында ескіні модерндеу арқылы халыққа ұсыну трендке айналуда.Жас дизайнерлер, суретшілер, музыканттар қазақ халқына тән ерекшеліктерді өзіндік стилде, заманауилыққа икемделген түрде халыққа ұсынуда. Сондай-ақ бұл халық арасында жақсы пікір қалыптастыра алды.
Медиадағы заманауи және шынайы эстетикаға деген ұмтылыс жастардың өз елін прогрессивті және адал көруге деген ұмтылысын байқауға болады. Бұдан бөлек қазақ тілі де цифрлық желіде үлкен сұранысқа ие болып отыр. Бұған әлеуметтік желідегі ана тілімізде түсірілген сапалы контенттің артуы дәлел бола алады.
Елге қызмет ету кәсібиліктен басталады
Бүгінгі таңда жастар арасында осындай пікір жиі айтылып жүр. Бұл қуантарлық жағдай. Яғни өз жұмысына адал бола білген кез келген кәсіби маман – патриот десек болады. Өйткені
жас IT маманы миллиондаған азаматтың өмірін жеңілдететін қосымша жасағанда немесе агроном құрғақ аймақта "ақылды" суаруды енгізгенде — бұл қоғамға шынайы қызмет.
Экологиялық сана
Қазір елімізде белсенділер, еріктілер саны артып келеді. Олардың көбі жастар екені белгілі. Бұл да жастар арасындағы патриоттық сананың өскенін көрсетеді. Себебі еліне жанашыр адам жерінің ластануына жол бермей, табиғат пен жануарын қорғай біледі. Мұндай қамқорлықты жастар бірігіп қолға алғанын байқауға болады.
Қазіргі елдегі патриотизмді дәстүрлі құндылықтар мен цифрлық амбициялардың бірігуі ретінде қарастыра аламыз. Өйткені қазіргі жастар жоғарыдан нұсқаулық күтпей-ақ елге пайдалы өнім дайындап жатыр. Мысалы мағынасы терең фильмдер, тарихи сараптамалық материалдар, балаларға арналған қазақ тілді танымдық видеолар осының айқын дәлелі.