Басты жаңалықтар

"Харамы жоқ, сіздер қош көретін елге неге қоныс аударып кетпеске?!": Ермұрат Бапи дүмше діндарларға қылмыстық жауапкершілікті күшейтуді ұсынды

Ермұрат Бапи: Діни негіздегі қоғамдық шиеленістің алдын алу үшін тек әкімшілік жазалар жеткіліксіз.

Мәжіліс отырысында депутат Ермұрат Бапи Бас прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдап, елде көбейіп кеткен псевдодіни уағызшыларға қатысты жазаны қатаңдатуды ұсынды. Ол үш әйелі барын сөз етіп, соңғысын өзінің шәкіртіне “сыйға тартқан” имам туралы және Наурыз мейрамын харам деген блогер туралы сөз қозғады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі. 

Ермұрат Бапи өзін "имам" немесе "діни авторитет" ретінде көрсететін кейбір тұлғалар интернет кеңістігінде заңға қайшы және моральға жат пікірлер таратып, қоғамда алауыздық тудыратынын айтты.

" Интернет подкастардың бірінде ресми діни құрылымға қатысы жоқ әлдебір “имам-сымақ” үш әйелі барын сөз етіп, соңғысын өзінің шәкіртіне “сыйға тартқанын” жайбарақат жария етті. Бұл мәлімдемені адами моральға жат қылық қана емес, сонымен бірге азаматтық неке жөніндегі заңнаманы көпе-көрнеу бұзу, қазіргі Қазақстандағы дәстүрлі дінді мансұқ ету және оның құндылықтарына қасақана нұқсан келтіру деп түсіну керек. Жалпы адамды сыйға тарту – бұл адам сату, адам саудасы санатындағы қылмыс саналуға тиіс! Заңды белшесінен басып, ойына келген шариғатын шатып отыратын мұндайларға тосқауыл қойылуы керек!" – деді Ермұрат Бапи.

Сондай-ақ, ол подкастты дайындаған журналист Жанар Байсемізді сынға алды. Осы орайда ұлттық мәселені популизм жолында құрбан етуге құштар журналист әріптестер мен масс-медианың басқа да өкілдерін кәсіби, адами және азаматтық ұстанымға берік болуға шақырды.

«Екінші бір керанау көрініс – Наурыз мерекесі ислам дініне жат мейрам деп жаниялаған сақалы бар мұрты жоқ біреудің видео-былжырағы. Әлеуметтік желілерді кезіп кеткен бұл дақпырт табиғатпен тел туатын мерекені жоққа шығару ғана емес, сонымен бірге біздің халықтың ғасырлардан тамыр тартатын салт-дәстүріне, ұлттық мәдениеті мен бірегейлігіне күмән келтірудің кебі. Тақуаның ел ішіне тарап бара жатқан түрпі тілімен айтқанда: Иншаллах, қоғамды шулатқан қос қиқушы әкімшілік жазаға тартылып, оларға айып салынды», – дейді депутат. 

Депутат Ермұрат Бапидің айтуынша, діни негіздегі қоғамдық шиеленістің алдын алу үшін тек әкімшілік жазалар жеткіліксіз. Осыған байланысты депутат тиісті заңнамалық нормаларды депутаттар талқылауына ұсынуды сұрады.

"Түптеп келгенде, ұлттық мұрат пен халықтық мұраға орасан зор залалын тигізетін бұл проблеманың тұңғиығы терең және әлдеқайда қауіпті болмақ. Ең бастысы – бұл уағызшы-сымақ тобыр біздің жас өскін ұрпақты, елдің болашағын улауда. Сырттан сіңген теріс діни усойқы уағыз, әсіресе, буыны бекімеген жастардың сарыуыз санасына желімдей жабысып, оларды ұлттық салт-дәстүр дағдысынан айырудың айласын жасауда. Олардың сиқырына алданған, дәстүрлі құндылықтардан қағылу, елдік мүддеден ажырау қатеріне іліккен жастар “жоғалған ұрпаққа” айналуы ғажап емес", – деді Ермұрат Бапи.

Осы ретте депутат діндар тақуаларға сұрақ қойып, олардың ұлттық дәстүрлерді де "харам" деп танып, халықтың тарихи-мәдени құндылықтарын жоққа шығарып жатқанын атап өтті.

«Ағайындар, егер біздің сан ғасырлық ұлттық дәстүрлеріміз харам болса, Қазақстан мемлекеті сіздерге туған ел емес шығар?! Ұлттық құндылықтарды ғасырдан ғасырға сақтап қалған қазақтың қасиетті даласы сіздерге атамекен емес болар?! Ендеше, харамы жоқ, сіздер қош көретін елге неге қоныс аударып кетпеске?! Алды-артыңа бір уыс топырақ!», – деді мәжілісмен. 

Депутат құзырлы органдарға бірнеше ұсыныс тастады. Сондай-ақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жұмысына қайта қарау қажет екенін айтып, олардың цифрлық кеңістікте белсенділігін арттырып, қоғамдағы және онлайн ортадағы діни шиеленістерге жедел әрекет етуге тиіс екенін атап өтті.

«Бас прокуратура, тиісті құзіретті ведомстволар мен мемлекеттік органдар онлайн ортадағы осы қитұрқы әрекетіне шектеу қою керек. Қазақстан мұсылмандары қауымдастығына қатысты ұсынысымды білдіргім келеді. Мәселен, жоғарыда аталған қос дүмшенің дүрбелеңіне қатысты қауымдастықтың дін қайраткерлері мен діни шенеуніктері тарапынан қарсы пікір айтылғанын естімедім. Тіпті, менің ойымша, ресми қауымдастық сырттан сіңген теріс діндарлардан қаймығып, “сен тимесең, мен тимен, бадырақ көздің кнбін киген тәрізді» – дейді депутат.