Қоғам

"Сеніміне кіруге тырысады": ІІМ алаяқтықтың жаңа түрі таралып жатқанын ескертті

ІІМ қазақстандықтарға ескерту жасады.

Қазақстанда алаяқтықтың жаңа түрі таралып жатыр, қаскүнемдер өздерін компаниялардың, мемлекеттік органдардың және жоғары оқу орындарының басшылары ретінде таныстырады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Құзырлы органның мәліметінше, алаяқтар жалған аккаунттар мен нөмірлерді пайдаланып, қызметкерлерге телефон арқылы немесе мессенджерлер арқылы хабарласады.

Олар деректердің таралуы немесе қаржының ұрлану қаупін сылтауратып, жағдайды әдейі күрделендіріп, жедел әрекет етуді талап етеді және психологиялық қысым жасайды.

Осыдан кейін азаматтарға "мамандар" немесе "құқық қорғау органдарының қызметкерлері" хабарласатынын айтып, олардың нұсқауларын бұлжытпай орындау талап етіледі.

Соңында алаяқтар адамдарды ақшасын "қауіпсіз шоттарға" аударуға көндіріп, қаражат қолға түскен соң, байланыс бірден үзіледі.

"Қаскүнемдер заманауи технологияларды кеңінен қолданады. Атап айтқанда, нөмірді ауыстыру, дауысты өзгерту сияқты тәсілдермен азаматтардың сеніміне кіріп, қырағылығын төмендетуге тырысады. ІІМ ескертеді: банктер мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері ешқашан телефон арқылы ақша аударуды талап етпейді", - деп мәлімдеді полицейлер.

Осыған байланысты ІІМ тағы да азаматтарды бейтаныс адамдардың нұсқауларын орындамауға, кез келген ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеруге және күмәнді жағдай туындаса, дереу құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырады.