Дәулет Тұрлыхановтың ұлы бостандыққа шықты
Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіның мәліметінше, Нұрасыл Болат бостандыққа шығарылды.
Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болаттың бостандыққа шықты. Бұл туралы Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті мәлім етті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
“Азамат сот тағайындаған жаза мерзімін толық өтегеніне байланысты босатылды”, – делінген хабарламада.
Еске салсақ, 2023 жылғы 11 ақпанға қараған түні Алматыда депутаттың ұлы Нұрасыл Болат адвокаттар Олег пен Анна Черновтарды соққыға жыққан. Жәбірленушілердің айтуынша, олар Болат агрессия көрсеткен қызды қорғамақ болған.
Кейін оқиға кезінде Болат мерзімді әскери қызметте болғаны және Отардағы әскери бөлімде болуға тиіс екені белгілі болды.
2023 жылғы 9 қазанда әскери сот оны бұзақылық ниетпен денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін кінәлі деп танып, 1 миллион 700 мың теңге айыппұл салды. Ал 2024 жылғы 14 мамырда Жоғарғы сот үкімді өзгертіп, оны 2 жылға бас бостандығын шектеді.
Алайда кейіннен оның түнгі ақытта ойын-сауық орындарында жүргені анықталып, 2024 жылғы 21 қазанда Медеу аудандық соты жазаның өтелмеген бөлігін бас бостандығын шектеуден бас бостандығынан айыруға ауыстырды. Сот залында оған қатысты бұлтартпау шарасы өзгертіліп, қамауға алынды.