Саясат

Ерболат Досаев тағы бір қызметінен босатылды

Қордың жалғыз акционері Досаевты директорлар кеңесінен шығару туралы шешім 2026 жылғы 25 наурызда бекітілген.

Президент Әкімшілігі басшысының бұрынғы орынбасары Ерболат Досаев "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының директорлар кеңесі құрамынан да шығарылды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Қаржылық есептілік депозитарийі сайтында жарияланған құжатта көрсетілген. Құжатқа сәйкес, қордың жалғыз акционері Досаевты директорлар кеңесінен шығару туралы шешім 2026 жылғы 25 наурызда бекітілген.

Қазіргі уақытта "Самұрық-Қазына" директорлар кеңесінің құрамында алты адам бар. Олардың қатарында Олжас Бектенов, Болат Жәмішев, Лука Сутера, Вонг Хэн Файн, Нұрлан Жақыпов және Мұхаммед Жәмил әл Рамахи бар.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ерболат Досаевты Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметінен босатқан болатын. Президент Әкімшілігіне 2025 жылғы 19 қыркүйекте тағайындалып жарты жыл жұмыс істеген.

Ерболат Досаев бұған дейін Алматы қаласының әкімі қызметін атқарған.