Қоғам

"Санжар Боқаев ұлттық компаниядағы қызметі кезінде ірі көлемде алаяқтық жолмен ақша жымқырды деген күдікке ілінді" - Бас прокуратура

Санжар Боқаевқа қатысты қылмыстық іс екі бап бойынша тергеліп жатыр.

Бүгін сенат кулуарында журналистер бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегеновтен Санжар Боқаевқа қатысты сұрақ қойды. Наурыз айының ортасында ұсталған белсендіге қатысты қылмыстық іс екі бап бойынша тергеліп жатыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

"Аталған азаматқа қатысты ұлттық компанияда қызмет атқарған кезінде ақша қаражатын ірі көлемде алаяқтық жолымен жымқырған және заңсыз орман кесу ұйымдастырған деген күдік тағылған. Қазір істі тергеуге қажетті барлық шаралар жүргізілуде", – деді ол сенат кулуарында.

Бас прокуратура өкілінің айтуынша, Боқаевтың жақтастары талап етіп отырған істі ашық тыңдау өткізуге ешқандай кедергі жоқ.

Айта кетейік, Санжар Боқаевтың өмірбаянында оның 2015-2018 жылдар аралығында “ҚазТрансГаз” АҚ-та кеңесші болғаны көрсетілген.