«Бүкіл терісін сыдырған»: Алматыда жеке клиникада сүндетке отырғызылған бес жасар баланың жыныс мүшесіне зақым келген
Бес жасар баланың сүндетке отырғызылғаннан үш күннен кейін жыныс мүшесі қарайып, зәр шығаруы қиындап кеткен.
Алматыда сүндетке отырған бес жастағы баланың жыныс мүшесіне зақым келген. Ата-анасының айтуынша, хирург жеткіншекке тыйым салынған наркоз салған. Арада үш күн өткен соң, мүшесі аяқ астынан қарайып кеткен. Осылайша бала ауруханаға жатқызылған. Ал ота жасаған хирург болса, "дұрыс күтім жасалмаған болуы мүмкін" екенін алға тартады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.
Дастан Бейсенов аутизммен ауыратын ұлына сүндеттеу кезінде дәрігерлер рұқсат етілмеген наркоз салғанын айтады. Арада бірнеше күн өткен соң, баланың жыныс мүшесі қарайып кеткен. Дереу клиникаға қайта жүгінген кезде, ондағы мамандар емдеуден бас тартыпты.
"Ол мүшесін кесе алмай қойдым дейді. Терісі жабысып қалған. Бүкіл терісін сыдырған ғой. Наркозбен ұйықтатып, былай қинап, содан бір сағат жүрген. Қазір каналының ортасынан зәр шығарады. Сонда енді шындықты қай жерден іздейміз? Баланың қазір тағдыры шешілді. Ешқандай дамытатын мүмкіндік жоқ", - дейді баланың әкесі Дастан Бейсенов.
Оқиғадан соң бес жастағы Омар балалар емханасында бір айдан аса уақыт емделген. Қазір жағдайы қалыпты. Бірақ кіші дәрет қысқанда, зәр шығара алмай, біраз қиналады, дейді әкесі.
Ота жеке медициналық мекемеде жасалған. Қазір есігі жабық тұр. Баланың әкесінің айтуынша, сүндеттеген дәрігер қазір басқа жерде жұмыс істеп жүр.
Ал дәрігер бұл оқиғаны телефон арқылы ғана түсіндірді. Жиырма жыл тәжірибесі бар маман осы күнге дейін мыңдаған баланы сүндеттегенін, өз тарапынан қателік кетуі мүмкін емес екенін айтты. Керісінше, жеткіншектің мұндай жағдайға ұшырауы "дұрыс күтім жасалмағаннан" деп, баланың ата-анасын кінәлады.
"Сүндетке отырғызғаннан кейін баланы қақаған аязда өз аяғымен алып әкеп жүрді ме, мопедпен алып келіп жүрді. Ол да әсер етеді. Марганецке салғаны да әсер етеді. Бұл жақта шыны керек, түсініксіз жағдай. Айналып келгенде, дәрігердің дұрыс жасамағаны деп отыр. Ол жақта жасайтын ештеңкесі жоқ. 15-20 минут жұмыс қой. Әрқашан да, күнделікті жасап жатқан сүндет. Бірақ, мынандай жағдай, тап осы баламен болған жағдайды өз басым 20 жылда бірінші рет көріп отырмын", - дейді хирург Жәнібек Туғанбаев.
Баланың туғандары клиникадан ем кезіндегі кеткен шығынды толық өтеп берсін деп талап етіп отыр. Мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін денсаулық сақтау министрлігіне арыз жазған. Ондағылар жақын уақытта арнайы комиссия құрып, тексеруге кірісетінін айтыпты.