Қоғам

ШҚО әкімінің экс-орынбасары Жақсылық Омар алты жылға сотталды

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің экс-орынбасары Жақсылық Омарға сот үкімі шықты.

Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің экс-орынбасары Жақсылық Омарға сот үкімі шығарылды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Бүгін, 3 сәуірде Өскемен қаласының №2 сотында Жақсылық Омарға қатысты іс бойынша соңғы сот отырысы өтті. Ол алаяқтық және пара алу айыптары бойынша сот алдында жауап берді. 

31 наурызда өткен жарыссөз барысында мемлекеттік айыптаушы Жақсылық Омарды алты жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұраған болатын.

Сот Жақсылық Омар кінәлі деп танып, оның мүлкін тәркілей отырып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Сондай-ақ оның Toyota маркалы автокөлігі тәркіленіп, өмір бойына мемлекеттік қызметте, сот жүйесінде, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан айырылды.

"Ойлануға уақытым жеткілікті болды. Ештеңені кері қайтару мүмкін емес екенін сезіну одан да қиын. Мен мемлекетке масыл болғым келмейді, керісінше өз үлесімді қосқым келеді. Қарызға батсам да, айыппұлды төлеймін. Түсіністікпен қарайды деп үміттенемін", - деді Жақсылық Омар соттағы соңғы сөзінде.

Еске сала кетейік, 2026 жылғы 13 ақпанда желіде Жақсылық Омардың ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді.