Ақмола облысында ауыл маңында орналасқан бөгет бұзылды (ВИДЕО)
Жұмыстарға 14 бірлік арнайы техника мен 30-дан астам жол маманы тартылған.
Ақмола облысының Қорғалжын ауданындағы Сабынды ауылы маңында орналасқан Шөптікөл бөгеті бұзылды. Салдарынан су «Астана – Қорғалжын» республикалық маңызы бар автомобиль жолының 75-шақырым тұсын кесіп өткен, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Су жолдың жүру бөлігіне өткен жоқ.
«Қазіргі уақытта Ақмола облыстық филиалының жол қызметтері ахуалды тұрақтандыру бағытында жедел шаралар қабылдауда. Жұмыстарға 14 бірлік арнайы техника мен 30-дан астам жол маманы тартылған. Инертті материалдарды дайындау және оларды жеткізу жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Аталған учаскеде үш көзді су өткізу құбыры қалыпты режимде жұмыс істеп, судың толық көлемде кедергісіз өтуін қамтамасыз етуде. Жол жамылғысы бүлінбеген, көлік қозғалысы штаттық режимде жүзеге асырылуда», – деп хабарлайды «ҚазАвтоЖол».
Оқиғаға қатысты Төтенше жағдайлар министрлігі де ресми мәлімдеме жасады. Ведомство мәліметінше, аймақта апатты-қалпына келтіру жұмысы жүргізіліп жатыр.
«Оқиға орнында суды қауіпсіз өткізу бойынша жедел жұмыстар жүргізілуде. Салдарын жоюға ТЖМ, жергілікті атқарушы органдар, аудандық полиция бөлімі және жол қызметінің күштері мен құралдары жұмылдырылған. Жалпы саны шамамен 170 адам және 43 бірлік техника тартылған. Бөгетті нығайту, инертті материалдар төгу және суды бұру жұмыстары жүргізілуде. Жағдай ТЖМ-нің тұрақты бақылауында», – делінген ҚР ТЖМ хабарламасында.