Басты жаңалықтар

Жақсылық Омар шартты түрде мерзімінен бұрын босатылмайды

Прокуратура Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Жақсылық Омарға қатысты пікір білдірді.

Өскемен прокуратурасы Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Жақсылық Омарға қатысты үкім бойынша пікір білдірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі YK-news.kz-ке сілтеме жасап.

"Сотталушы сыбайлас жемқорлыққа қатысты бірқатар қылмыс бойынша, атап айтқанда, қызметтік жағдайын пайдаланып алаяқтық жасау, сондай-ақ пара алу бойынша кінәлі деп танылды. Бұл әрекеттер сыбайлас жемқорлық қылмыстары санатына жатады және мемлекеттік қызмет пен қоғамдық сенім негіздерін бұзады. Мемлекеттік айыптау тарабы жеделдетілген сот процесін ескере отырып, заңмен көзделген ең жоғары жазаны сұрады", - деп түсіндірді прокуратура.

Сот бұл ұстаныммен келісіп, толық жаза, яғни, сотталушыға 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

"Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталған адамдарға рақымшылық жасау актілері және шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы нормалары қолданылмайды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ және іс бойынша тараптар шағымдана алады" - деп атап өтті ведомстводағылар.

Естеріңізге сала кетейік, биыл ақпанда әлеуметтік желіде ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омардың ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді.

Өңір әкімдігі аталған тұлғаға қатысты қандай да бір ақпарат жоқ екенін, қолда бар деректерге сәйкес, мемлекеттік қызметші денсаулық жағдайына байланысты еңбек демалысын алғанын хабарлады.