Қоғам

Аягөзде менингиттен көз жұмды: госпиталь дәрігері сотқа тартылды

Абай облысында сарбаз менингиттен қайтыс болды: госпиталь дәрігеріне қатысты сот үкімі шықты.

Абай облысында менингиттен қайтыс болған мерзімді қызметтегі әскери қызметшінің өліміне қатысты іс бойынша үкім шықты. Аурухана дәрігері екі жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды KYN.KZ

Алайда сот залында дәрігерге рақымшылық жасалды.

"17 мамырда таңертең сарбаздың жағдайы нашарлап, дене қызуы 38,5 градусқа дейін көтерілген, қан қысымы 80/50-ге дейін төмендеп, құсып, жөтел пайда болған. Алайда сотталушы қайта тексеру кезінде емді өзгертпеген, оның жағдайының ауырлығын жете бағаламай, уақтылы бейінді стационарға жібермеген", - делінген "Сот кабинетіндегі" материалдарда.

Сарбаз сол күні кешке Аягөз аудандық орталық ауруханасына жеткізілген, Бірақ 18 мамырда таңертең ғана жансақтау бөліміне ауыстырылып, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.

Медицина қызметкері кінәсін мойындамай, ақтауды сұрады. Сотта ол емдеу хаттамасына сәйкес әрекет еткенін және науқасқа көмектесу үшін барлық шара жасағанын алға тартты.

Сот-медициналық сараптама өлімге екі жақты іріңді отиттен кейін дамыған, ми ісінуімен, сепсиспен, тромбоцитопениямен және бүйректің уытты зақымдануымен асқынған іріңді менингит себеп болғанын көрсетті. Іс материалдарында дәрігердің ауру белгілерін тани алмағаны, қате диагноз қойып, пациентті менингококк инфекциясына тексермегені айтылған.

Сарапшылардың пікірінше, 16 мамырда уақытылы және дәл диагноз қойылып, емдеу басталғанда, жігіт аман қалуы мүмкін еді.

Сарбаздың ата-анасы сотта оның әскерге жіберілмес бұрын толық медициналық тексеруден өтпегенін айтты. 

Олардың сөзінше, 2025 жылғы 22 сәуірде әскери комиссариат қызметкерлері келіп, әскерге шақыру туралы хабарлаған, келмеген жағдайда айыппұл салынатынын ескерткен. 23 сәуірде ата-анасы ұлымен бірге әскери комиссариатқа келген, ал кешке оны қызмет орнына жіберген. Жас жігіттің анасы ұлымен соңғы рет 14 мамырда сөйлескенін, ол кезде баласы денсаулығына шағымданбағанын айтты.

Семей гарнизонының әскери соты сотталушыны кінәлі деп танып, 2 жылға бас бостандығынан айырып, дәл осындай мерзімге медициналық қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасын кесті. Алайда айыпталушы рақымшылыққа ілікті.

Үкімде сот қылмыстың жеңіл дәрежелі санатқа жататынын ескергені, сондай-ақ сотталушының үш баласы бар екенін анықтағаны және істі ауырлататын мән-жайлардың жоқтығы айтылған.

Сондай-ақ сот жәбірленуші тараптың азаматтық талап-арызын ішінара қанағаттандырып, сотталған адамнан жалпы сомасы 12 миллион теңгеден астам моральдық зиян, материалдық шығын және өкілдік шығындарды өндіру туралы қаулы етті.

Еске салсақ, өткен жылы 25 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысынан әскерге шақырылған. 16 мамырда сарбаз денсаулығының нашарлауы мен дене қызуының көтерілуіне шағымданып, Аягөз әскери госпиталіне түскен. Тексеруден кейін дәрігерлер ем тағайындаған.

Бірақ сарбаздың жағдайы тек нашарлай берген. Кейін ол аудандық орталық ауруханаға ауыстырылып, 19 мамырда жансақтау бөлімінде көз жұмды. 20 жастағы әскери қызметшінің өліміне байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды.