Қазақстанда күн суытып, қар жауады
Алдағы күндері Қазақстанның басым бөлігінде көктемге тән құбылмалы ауа райы сақталады.
Елімізде күн салқындайды. Қазгидромет синоптиктері 7, 8 және 9 сәуірге арналған ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Синоптиктердің мәліметінше, алдағы күндері Қазақстанның басым бөлігінде көктемге тән құбылмалы ауа райы сақталады.
Еліміздің көп өңірінде жаңбыр жауады, ал солтүстік пен солтүстік-батыста жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын күтіледі. Батыс пен оңтүстікте кей уақыттарда қатты жаңбыр жауып, солтүстікте күшті жауын-шашын болжанып отыр.
Сонымен қатар республика бойынша желдің күшеюі күтіледі, ал батыс және оңтүстік аймақтарда бұршақ жауып, дауылды жел болуы мүмкін.
Тек еліміздің шығысында жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Түнгі және таңғы уақытта тұман түсуі ықтимал.
Ал солтүстік және солтүстік-батыс өңірлерде күндіз ауа температурасы +3…+15 градусқа дейін төмендейді.