Қоғам

TikTok-қа видео жариялаған: Жамбыл облысында екі көрші соттасып қалды

TikTok әлеуметтік желісі арқылы көршісінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін мәліметтер таратқан.

TikTok-тағы жарияланған видео екі көршіні сотқа дейін жеткізді. Бұл істі Жамбыл облысының Шу аудандық соты қарады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шу қаласының тұрғыны TikTok әлеуметтік желісі арқылы көршісінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін мәліметтер таратқан. Сот мәліметінше, жарияланымда жәбірленушінің беделіне зиян келтіруі мүмкін жалған ақпарат болған. Іс әлеуметтік желілерді пайдалану арқылы жасалған жала жабу фактісі бойынша қаралған. Аталған баптың санкциясы жеке тұлғаға 180 АЕК (2026 жылы 778 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салуды немесе 20 тәулікке әкімшілік қамауға алуды көздейді.

«А.-ның кінәсі тараптардың түсініктемелерімен, полиция материалдарымен және сараптама қорытындысымен дәлелденді. Сараптамаға сәйкес, жарияланған мәліметтер ар-намыс пен қадір-қасиетке нұқсан келтіреді. Сотта А. кінәсін ішінара мойындады. Сондай-ақ ол жәбірленушіден кешірім сұрағанын және бұдан былай мұндай мәліметтерді таратпайтынын айтты», — деп хабарлады сотта.

Жәбірленуші істің мән-жайларын растады, азаматша А.-мен татуласқанын айтып, істі тоқтатуды сұрады.

«Сот тараптардың татуласуына байланысты істі тоқтатуға болады деген қорытындыға келді. Сот қаулысымен А. әкімшілік жауапкершіліктен босатылып, іс өндірісі тоқтатылды. Қаулы заңды күшіне енді», — делінген сот хабарламасында.