"Өз ісіне жауап береді": Шавкат Рахмоновтың бұрынғы әйелі өткені туралы жазба жариялады
Гүлайым Рахмонова бұрынғы күйеуі туралы айтып, өткен өмірлерін еске алды.
Белгілі спортшы Шавкат Рахмоновтың бұрынғы жары Гүлайым Рахмонова екеуінің ерлі-зайыпты болған кездерін еске алды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Гүлайым Рахмонова Шавкаттың алған жарақатына қарамастан к.нделікті жаттығып, еңбектенгенін айтты.
«Бұл фотоларда ешқандай атақ, ешқандай миллион ақша жоқ… Шавкаттың сол кездегі жалақысы небәрі 120 мың теңге болды. Бірінші фотода – 2017 жылдың қаңтары. Ол алғаш рет аяғынан жарақат алып, жаңа жылдан кейін МРТ-дан шығып, Пришахтинск жақтағы ауруханадан келе жатқан кезіміз. Аяғымыз ауырса да, бәрібір мәзбіз. Сол жарақаттан кейін де ол аянбай еңбек етіп, шыдамдылықтың арқасында көптеген белесті бағындырды. Бізде бос уақыт деген болмайтын. Тұңғышымыз дүниеге келмей тұрып та күнделікті қатаң режим ұстандық – күніне үш мезгіл жаттығу. Үйде де 20–30 минут болса да, міндетті түрде жаттығу жасайтын», - дейді ол.
Айтуынша, UFC-ге шығу олардың ортақ арманы болған.
«UFC-ге шығу – екеуміздің де түпкі мақсатымыз еді. 2016 жылдан бастап таңғы 5-те тұрып, жаз-күз демей еңбек еттік. Ол жүгіріп кетеді, мен таңғы ас дайындаймын. Демалыс күндері қазақша оқып-жазуды бірге үйрендік. Автограф қоюға дейін жаттықтық – ертең жанкүйерлерің көп болады деп. Кейін тұңғышымыз дүниеге келді. Шавкат үлкен қызын ерекше жақсы көреді. Үй, спорт, отбасы – осындай тынбас еңбектің арқасында бүгінде бәрінің жағдайын жасап отыр».
Ол қазіргі кезде кейбір туыстары Шавкатты өзіне қарсы қойып жатқанын айтты.
«Қызық… уақыт өте келе осының бәрін ұмытып кету мүмкін бе? Бір кездері оның жақындарына жақсы келін, жақсы жеңге едім. Ал қазір сол адамдар түрлі пікір жазып, Шавкатты маған қарсы қоюға тырысып жүр. Ешқандай өкініш жоқ, тек бір “әттеген-ай” бар. Мен өзімді аянышты етіп көрсететіндердің қатарынан емеспін. Бірақ осы жылдар ішінде менің де еңбегім бар, оны ешкімге таптатпаймын. Уақыт келеді – әркім өз ісіне жауап береді», - деп түйіндеді ол.