Қоғам

Таразда 51 жастағы ер адам құтқарушылардың көз алдында 5-қабаттан секіріп кетті

Полицейлер мен дәрігерлердің сөздеріне ер адам агрессивті түрде жауап беріп, есікті ашпай қойған.

Қайғылы жағдай Тараздағы Ұлы Дала шағынауданында болған. Жедел жәрдем пультіне 51 жастағы ер адамның суицид жасағалы тұрғаны туралы хабар түскен, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі. 

Halyqstan Telegram арнасының ақпаратына сәйкес, жедел жәрдемге хабарласқандар ер адамның психоневрологиялық есепте тұрғанын айтқан. Оқиға орнына дереу психиатриялық бригада жіберілді.

Дәрігерлер мекен жайға жеткенде ер адамның бесінші қабаттағы пәтерінде қамалып отырғанын анықтады. Кейін полиция мен құтқарушылар шақырылып, қосымша мамандандырылған жедел жәрдем бригадасы да жіберілді.

Полицейлер мен дәрігерлердің сөздеріне ер адам агрессивті түрде жауап беріп, есікті ашпай қойған. Сол себепті құтқарушылар автосатының көмегімен балкон арқылы пәтерге кірмек болған. Сондай-ақ төмендегілер қауіпсіздік үшін арнайы төсеніш жайды. 

Алайда мамандар балконға көтерілген кезде ер адам кенет төменге секіріп кеткен.

Құтқарушылар оны ұстап үлгергенімен, ер адам бар салмағымен құлаған, салдарынан ер адам бас-мидың ашық жарақатын, ми жарақатын алған және мойын омыртқалары сынғанн. Ауыр жарақат салдарынан оқиға орнында көз жұмды.

Оқиғаның себебі анықталып жатыр.